Байден мен қазақ баласы амандасты. Бала өзін қалай сезінгенін айтты
АҚШ президенті Джо Байден қазақ баласының амандасу үшін созған қолын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байденмен қол алысқан баланың есімі Әлтайыр. Ол АҚШ президентімен Пенсильвания университетінің кампусында кездесті. Сөйтсе оның анасы осында оқитын болып шықты. Америка президенті мұнда ресми сапармен келген. Видеоны 8 қазанда әлеуметтік желіде баланың анасы жариялады.
Өзімді керемет сезіндім. Қандай да бір себептермен жылағым келді. Өйткені меніңше, әлемде бұл әрекетті жасаған жалғыз бала болдым, - деді Әлтайыр әлеуметтік желіде анасына берген жауабында.
Айтуынша, АҚШ президенті одан жасының нешеде екенін және есімінің кім екенін сұраған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл видеоның астына түрлі пікір қалдырды: «Қандай керемет! Бұл сәтті өмір бойы есінен шығармайтын болар», «Бұл да бір белгі, Әлтайырдың жолы үлкен болсын деп тілейміз», «Керемет. Джо Байденнің өзі ғой! Осылай да болады екен ғой! Әлтайырдың бағы бар деші! Жарайсыңдар!».
Еске сала кетейік, Нью-Йорк қаласының мэрі Эрик Адамс 26 қазан күні Instagram желісіндегі парақшасында қазақ баласының домбырамен күй тартқан сәтінен видео бөліскен еді.