Байбек жоғары оқу орындарында жемқорлықты жоюдың маңыздылығы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Адал білім» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан Қазақ гуманитарлық заң университетінің жаңа жобаларымен және коворкинг-орталығымен танысты.   

Университет ректоры Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа алып келуі мүмкін жағдайларды азайту мақсатында бүгінде оқу орнындағы барлық қызмет онлайн түрде көрсетіледі.  

«2014 жылы біз студенттерге бір терезе қағидаты бойынша қызмет түрлерін алуға мүмкіндік беретін орталық аштық. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан ары жалғастырып, қазір барлық қызметті электронды түрде көрсетеміз. Сәйкесінше, әкімшілік шығындар қысқарды, қосымша алаңдар босап, ол жерден қазіргі заманға сай коворкинг орталығын аштық. Сондай-ақ, біз арнайы мобилді қосымша әзірледік. Оның көмегімен студент жатақхана алуға өтініш білдіруге, оқу құнын есептеуге, эдвайзерден кеңес алу үшін жазылуға мүмкіндік алады», – деді ректор. 

Жастармен жүздесу барысында Бауыржан Байбек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының және Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партия қызметін қайта жандандыруға қатысты жүзеге асып жатқан жұмыс барысы туралы айтты. Заң университетінің студенттерімен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген сот және құқық қорғау жүйелеріндегі реформалар, сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және т.б. жайы талқыланды.  

«Цифрландыру – сыбайлас жемқорлықпен күресудің және оны жоюдың, жариялылық пен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырудың маңызды құралдарының бірі. Бүгінгі таңда бұл университетте студенттерге оқытушыларды өздері таңдауға, олардың жұмысын жасырын түрде бағалауға жағдай жасалған. Бұл өте маңызды. Өйткені, жастар өздерінің әрбір ісі үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Біз жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарға айрықша мән беріп отырмыз. Себебі, егер адам жас кезінен бастап әділетсіздік көретін болса, оның өмірге деген көзқарасы дұрыс қалыптаспайды», – деді Бауыржан Байбек.    

Кездесу соңында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары университет ректоры Талғат Нәрікбаев пен өзінің «Nur Otan»-ның қатарына өткісі келетіні туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған осы оқу орнының түлегі Ерлан Төлегеновке партиялық билеттерін табыс етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы