Байбек: Ешбір азамат мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемияның салдарынан туындаған ауқымды дағдарыс жағдайында, ең алдымен, қарапайым азаматтар көмекке мұқтаж. Бұл туралы Nur Otan партиясының Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді.

 БҰҰ ұсынымдарына сәйкес, бүгінде елдер "қоғамның ең қорғансыз мүшелеріне" нақты қолдау көрсетуге жұмылғаны жөн. Бір жағынан, бұл дағдарысты еңсеруге көмек берсе, екінші жағынан – құлдырап бара жатқан ішкі сұранысты, ұлттық экономикаларды қолдайды. Сондықтан Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған "Birgemiz" қоры әуел бастан пандемиядан қорғанысы әлсіз азаматтарға атаулы көмек көрсетуді бағдарға алды. Осыған байланысты Қор 150 мыңнан астам азаматқа 50 мың теңге мөлшерінде тікелей ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұлар негізінен карантин қиындықтарын көбірек шегіп жатқан 23 ірі қаланың тұрғындары. Әкімдер мен әлеуметтік қорғау органдары ұсынған көмек алушылар тізімдерінде табыс деңгейі ең төмен әлеуметтік әлсіз топтардан құралған азаматтар қамтылған - деді ол.

Сондай-ақ ол, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының 2 мыңнан астам дәрігерлері де 50 мың теңгеден алатын атап өтті.

Індет жұқтырғандардың 70%-ке жуығы осы қалаларда шоғырланған. Осындай күрделі жағдайда шыбын жандарын шүберекке түйіп, вируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне атаулы көмек берудің маңызы зор. Мұқтаж жандарға осылайша қолдау көрсетіп отыруымыз еліміздің бизнесмен – меценаттарының қайырымдылық көмегінің арқасында мүмкін болып отыр. Қазір кім-кімге де оңай емес. Бизнес қаншалықты ауқымды болса, оның проблемасы да соншалықты үлкен болмақ. Жұмыс орындарын сақтау, өндіріс процесін тоқтатпау, салық төлеу секілді сансыз міндеттері бар. Соған қарамастан, олардың көпшілігі Елбасының үндеуіне қолдау білдіріп, азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Бұл үшін оларға тағы да алғыс айтамын! Бұл көмек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды қолдау шараларына қосымша болып табылады. Коронавирустың қатерін дер кезінде жете бағамдамаған бірқатар елдермен салыстырғанда, Қазақстан вирустың тежеусіз таралуына жол бермей, дер кезінде шектеу шараларын қабылдады - деді Бауыржан Байбек.

Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының басшылығымен Үкімет пен әкімдер алдын ала белсенді жұмыс жүргізуде. 

"Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласы дағдарысты кезеңде өз тиімділігін көрсетуде. Бүгінде Президент ұсынған қолдау шаралары – ТМД елдері арасында ең көлемді, жүйелі және ресурспен қамтамасыз етілген дағдарысқа қарсы жоспар болып отыр. Оны жүзеге асыру үшін бюджеттен және Ұлттық қордан 5,9 трлн теңге бөлінді. Барлық қолға алынған іс-әрекет, ең алдымен, қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Бұл - басты басымдық. Мемлекет соңғы 2 жылда азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша көлемі ұлғайған міндеттемелеріне қарамастан, олардың орындалуына кепілдік береді. Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы уақтылы және толық көлемде төленетін болады. Қазіргідей жағдайда мұның өзі оңай шаруа емес. Қабылданған шаралар кешенді. Олар тек ағымдағы әлеуметтік міндеттерді ғана шешуге бағытталмай, сонымен бірге елдің жаңа жағдайда дамуына негіз қалайды. Бұл – шағын және орта бизнесті ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді, жалпы отандық өндірісті қолдау шаралары - дейді партия төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек Қазақстан - қазіргі кезеңде өңірдегі елдер ішінде экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпорындар үшін 6 айға салықты және еңбекақы қорынан төленетін басқа да төлемдерді алып тастаған бірден-бір ел екені айтты.

Әсіресе, жұртшылық ұсынылған шаралардың нақтылығын ерекше атап көрсетуде. Көмек алушылар тізіміне өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен бұрын бейресми табыс табушы тұлғаларды қосу 3 миллиондай азаматты қамтуға мүмкіндік берді. Шын мәнінде "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" дегеніміз, осы. Осындай күрделі кезеңде мемлекетіміз өзінің толысқандығын көрсетіп отыр. Мемлекеттік институттар орнықтылығын танытты. Кезінде Елбасы қалыптастырған мықты мемлекетті қамтамасыз ететін билік вертикалі мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беруде. Үкіметтің дағдарыстарды еңсеруде басқарушылық тәжірибесі жеткілікті. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз экономикасын жоспарлы түрде дамытты, инвестициялар тартты, бизнеске қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымды белсенді дамытты. Елбасының стратегиялық көрегендігінің арқасында бүгінде еліміздің Ұлттық қор және алтынвалюта қоры секілді "қауіпсіздік көпшігі" бар. Халықаралық Moody’s рейтингтік агенттігінің бағалауы бойынша, Қазақстан өз жеке қорына сүйене отырып, ағымдағы жағдайдан шығуға қабілетті мемлекеттердің бірі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары Елбасының басшылығымен көлемді әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасты. Тек салынған ауруханалар мен емханалардың өзі 1400-ден асады. Бұл ретте "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасын ерекше атап өткен жөн - деді ол.

Оның ойынша, үздіксіз өзгеріс үстіндегі ахуал жаңа ережелерді талап етуде. 

Онлайн режимі барған сайын біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуда. Дәл осы сәтте "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын жоспарлы түрде іске асырудың оң тұстары айқын көрінуде. Мемлекеттік аппарат әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызмет түрлерін интернетке көшу арқылы өз жұмысын жедел қайта ұйымдастыруда. Қазақстан мектептері мен Жоғары оқу орындары кейбір қиындықтарға қарамастан, онлайн білім беруге көшу үстінде. Осы және басқа да уақытылы жасалған көптеген іс-қимылдар мемлекеттігімізді нығайтып, бүгінде дағдарысқа қарсы тиімді саясат жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Жұртшылық осынау коронавирус пандемиясынан орын алған дағдарыстың салдары жалпы әлем экономикасы үшін ауыр әрі созылмалы болатынына көз жеткізді. Осыған орай, экономикамызды қалпына келтіру қазақстандықтардан барынша ауызбіршілікті, жауапкершілік пен күн сайынғы табанды еңбекті талап етпек. Біз бүгінгі қиындықтар мен сынақтарды осылай ғана еңсереміз! - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы