Баянауылда таулы аймаққа кәріз құбырларын тартудың жолдары қарастырылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экологиялық кеңес отырысында демалыс аймағында орталықтандырылған кәріз жүйесінің жоқтығынан Жасыбай көліндегі жүктеменің артқандығы туралы маңызды мәселе талқыланды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz 

Облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының өкілдері бұдан бөлек, биоәжетханалар жетіспеушілігі мен сарқынды суларды жинайтын қондырғылардың нормативтік талаптарға сай келмейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, орталық су құбыры және кәріз желісінің құрылысына кедергілер бар. Оған бұндағы жердің ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі кедергі болып отыр

Павлодар облысының әкімі кәріз жүйесіне деген қажеттілік күннен-күнге ушығып бара жатқанын, Баянауыл ауылы мен Жасыбай көлін қазірдің өзінде инженерлік инфрақұрылымның біртұтас жүйесі ретінде қарастыру керектігін айтты.

Мәселе ақшада емес, технологиялық шешімде – тау арқылы орталықтандырылған кәріз жүйесін қалай тарту керек екендігінде, – деді Әбілқайыр Сқақов. – Экология министрлігі жер телімдерін республикалық меншіктен бөліп, жергілікті атқарушы органдарға беруге әзір. Бірақ менің айтарым, мәселе бұл жер телімдерінің кімнің есебінде болатынында емес, мәселе біз қандай техникалық шешім табатымызда.

Жиынға қатысқан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте сарқынды суларды биологиялық тазарту қондырғысы орнатылған «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының тәжірибесіне сүйенуді ұсынды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы