Баянауылда қарақұрттар пайда болды
Ертіс өңірінің Баянауыл ауданында қарақұрттар пайда болды. Мамандардың айтуынша, зиянды жәндіктердің көбеюінің өз себептері бар, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Қарақұрттардың өріп жүрген сәтін Торайғыр көлінің маңында демалып жүрген туристер түсіріп алған. Жәндіктердің күрт таралуына қарамастан, Баянауыл ауданында қарақұрттардың адамдарды шағу деректері тіркелмеген.
Биология ғылымдарының доктор, профессор Қанат Ахметовтің пайымдауынша, өрмекшітәріздес жәндіктер басқа облыстардан әкелінуі мүмкін. Себебі Павлодар өңірі – қарақұрттар тіршілік ететін негізгі ареал емес.
Қарақұрттар құрғақ далаларда, шөлейтті жерлерде тіршілік етеді. Көбінесе Орталық және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде кездеседі. Десе де, біздің облыста көктем құрғақ болды. Жаздың басында да аптап ыстық ауа райы тіркелді. Сондықтан, жәндіктердің кобеюіне қолайлы жағдай жасалды деуге болады. Жәндіктер кеміргіш жануарлардың індерінде, тау-тастардың арасында жүреді. Бірақ, өз бетінше адамды шақпайды. Тек қорғанған жағдайда шағып алуы мүмкін. Ұрғашы жәндіктің ұзындығы бір сантиметрден асады. Басқа өрмекшілерге қарағанда түр-түсі басқа, - дейді Қанат Ахметов.
Ғалымдардың айтуынша, қарақұрттың пайда болуына логистикалық жағдайлар әсер етуі мүмкін. Басқаша айтсақ, Баянауыл курорттық аумағына Оңтүстік облыстардан көптеп тасымалданатын жеміс-жидектер мен өзге ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге тасымалдануы мүмкін.
2007 жылы Павлодар облысында ыстық болды. Қарақұрттардың таралуы соншалық, облыс орталығына да жетті. Адамдарды шаққан кездер де тіркелді. Қарақұрт – негізінен климаты құрғақ өңірлерде тіршілік ететін қарапайым жәндіктердің бірі. Өрмекшітәріздестер көкөністермен бірге келуі мүмкін. Негізінен, бұл жәндік бұрыннан бері зерттелген. Қазақстанда улы жәндіктерді алғашқылардың бірі болып профессор, энтамолог Павел Мориковский зерттеген. Түрлі ғылыми еңбектер бар, - дейді ғалым.
Мамандардың айтуынша, қарақұртқа тап болған жағдайда өлтіруге тырыспау керек. Себебі оның уы адам өліміне әкелуі мүмкін.