Баянауылда қарақұрт қаптай ма? «Қара жесірден» қалай қорғану керек

«Баянауыл» табиғи-ұлттық паркінің қызметкерлері қарақұрттардың жұмыртқаларын жою шараларын бастады. Биыл «қара жесірден» келетін қауіпті болдырмау үшін кешенді жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өткен жылы Баянауыл ауданының көрікті жерлеріне демалуға келген туристер сирек кездесетін құбылыстың куәгерлері болды. Торайғыр көлінің аумағында, нақтырақ айтқанда, тасты жерлерінде қарақұрттар пайда болды. Мамандардың айтуынша, бұл – Ертіс өңірінде тіршілік ете қоймайтын жәндік. Десе де, жаздың ыстығына мен құрғақшылық буынаяқтылардың таралуына себеп болуы мүмкін.

Жағдай биыл да қайталануы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде ұлттық парк мамандары қауіпті жәндіктердің жұмыртқаларын жинап, жоюмен айналысып жатыр.

«Баянауыл» ұлттық паркінің экскурсия жүргізушісі және мемлекеттік инспекторы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, қарақұрттар демалушыларды алаңдатып отыр.

Әдетте, бұл жәндіктер Орталық Қазақстанда, яғни, Сарыарқа төсінде кездесе бермейді. Оңтүстік жаққа, шөлейтті жерлерге ғана тиесілі. Бірақ өрмекші тұқымдастарының жаңбырсыз әрі аптап ыстықта пайда болғанын көріп жүрміз. Соңғы бірнеше жылда көріп жүрмін. Біз олардың жұмыртқалары құстардың қанатымен немесе Оңтүстік облыстардан тасымалданатын жеміс, көкөністермен әкелінген деп есептейміз. Осыған байланысты ұлттық парктің ғылым және мониторинг тобы тиісті шараларды қолға алды. Яғни, бірінші кезекті улы жәндікті жинау шараларына кірісті. Қарақұрт адамды шақса, екі минуттың ішінде параличке тап болуы ғажап емес. Ал медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе, адам қайтыс болуы мүмкін, - дейді Алтынбек Құрманов.

Өткен жылы ұлттық парктің ғылыми қызметкерлері Жасыбай бөлімінің алтыншы орамында қарақұрттарды іздеп, жойды. Нәтижесінде мың жарым жұмыртқа ошағы жойылды. Сонымен қатар аналық жәндіктің 400-ге жуық аналығы арнайы құртылды. Ал бір ошақта жүздеген тұқым болуы мүмкін.

«Баянауыл» паркі ерекше қорғалатын табиғи аймаққа жататындықтан, мамандарға химиялық улау препараттарын жоюға тыйым салынған. Сондықтан, теріп, кейін күйдіру әдісімен ғана жоюға рұқсат. Әзірге қарақұрттар өсіп, шыға қойған жоқ. Бірақ, дернәсілдерін кездестіріп жүрміз. Бір айдан кейін туристік кезең ашылады. Соған дайындық және тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында осындай әрекеттерді жасап жатырмыз. Бұл іске аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің мамандары атсалыса алады. Бірақ, парктен тыс аймақта. Соңғы күндері мамандар қарақұрттардың жұмыртқаларды теріп, зертханаларда жойып жатыр. Халықты ақпараттандыру бойынша да жұмыстар қатар жүргізіліп жатыр, - дейді мемлекеттік инспектор.

Энтамологтардың айтуынша, буынаяқтылардың бір ұяшығында 40-50 жұмыртқа кездесуі мүмкін.

«Баянауыл» ұлттық-табиғи паркі ғылым және мониторинг бөлімінің жетекшісі Динара Күншуақованың айтуынша, қарақұрттардың ошағы биыл да Торайғыр көлінің аумағынан табылды.

Оларды бірінші рет балықшылар тапты. Кейін мамандарымыз үлгілерін алып, зоология институтына қосымша зерттеуге жібердік. Осылайша, институт мамандары бұл жұмыртқалар қарақұрттарға тиесілі екенін растады. Біз өз тарапымыздан ақпараттық және ғылыми жұмыстарды қолға алдық. Қазір жинап жатқан жұмыртқалар өткен жылы салынып, қыстаған болып шықты. Олар тастардың астында жатады. Күн жылынғанда жұмыртқалар жарылып, өрмекшілер шығады. Улы жәндіктермен күресу үшін кешенді шараларды қолға алу керек. Тек біз емес, әкімдік, жауапты мекемелер бірлесіп жұмыс істеген жөн, - дейді Динара Күншуақова.

Энтамологтардың айтуынша, қарақұрттардың аналығы ғана қауіпті. Ол аталық тұқымдасқа қарағанда әлдеқайда үлкен болып келеді.

Биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметовтің пайымдауынша, қарақұрттар Солтүстік, Солтүстік Шығыс облыстардың аумағына түрлі жолдармен келген.

Біріншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалы. Көктем және жаз айларында облысқа Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен жеміс, көкөніс өнімдері тасымалданады. Қарақұрттар қалай көшіп-қонады? Мәселен, қауындар қамыстан жасалған жәшік немесе өзге қаптамаларға оралады. Осы қамыстың ішінде қарақұрттар болуы мүмкін. Былтыр улы буынаяқтылар Баянауыл ауданының Орталық Қазақстанмен шекаралас аумағында пайда болғаны белгілі. Бұл таңғаларлық құбылыс емес. Өйткені, шілде айының соңы мен тамыз айының басы жаздың ең ыстық кезеңі болды. Алдымен бірнеше қарақұрт табылды. Жаппай таралу болған жоқ. Ал жаппай таралса, бұны экологиялық өзгерістердің салдары деп пайымдауға болады, - дейді Қанат Ахметов.

Осыдан 10-15 жыл бұрын Павлодар облысында «қара жесірлердің» көбейіп кетуі тұрғындардың есінде. Сол сәтте зерттеу нәтижесінде жәндіктер құрылыс материалдарымен бірге тасымалданғаны анықталды. Материалдар Оңтүстік Қазақстан облысының қоймаларында сақталғаны да белгілі болды. Жаз ыстық болғандықтан, жәндіктер жергілікті климатқа бейімделіп алды.

Айта кетейік, Баянауыл жеріне бір туристік маусымда 150 мыңнан астам адам келіп, демалады. Жаз мезгілі ыстық болады деген болжам бар. Сондықтан тынығушылар абай болғаны абзал. Дәрігерлердің айтуынша, қарақұрт шағып алса, екі-үш минут ішінде шаққан орынды оталғышпен күйдіріп алу керек. Сонда у бейтараптандырылады. Кейін дәрігердің көмегіне жүгіну керек. «Қара жесір» - облыс аумағында тұрақты мекендейтін жәндік емес. Бір жылы жоғалып, кейін қайта таралуы мүмкін. Десе де, тұрғындар әр уақытта жеке бастың қауіпсіздігі туралы ұмытпаған жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы