Баянауылда иіс тиген отбасының аман қалған екі қызына пәтер беріледі
Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылында иіс тиіп көз жұмған екі ересек азамат пен екі бала жер қойнауына тапсырылды.
Бекбатыровтар жанұясында төрт бала тәрбиеленген. Олардың екеуі - 14 жасар қыз бен 11 жасар ұл анасы және өгей әкелерімен бірге қайтыс болды. Ал оқыс жағдай кезінде екі бойжеткен аудан орталығында болған.
Баянауыл аудандық әкімі аппаратының жетекшісі Қайыргелді Абылғазиннің хабарлауынша, жетім қалған екі бойжеткенге тиісті көмек көрсетіледі.
«Әкімдік тарапынан екі қызға Баянауыл ауданынан бір бөлмелі пәтер беріледі. Баспана 24 пәтерлі үйде орналасқан. Бұл отбасы әлеуметтік әлжуаз топқа жатады. Қыз балалар асыраушысынана йырылғандықтан, 50 мың теңгеден қаржылай көмек алып жатыр», - дейді аппарат жетекшісі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта апалы-сіңлілі қыздар дәрігерлер мен мұғалімдердің қамқорлығына алынды. Олар Баянауыл ауылындағы аграрлы-техникалық колледжінде білім алуда.
Еске салсақ, Баянауыл ауылынан 150 шақырымдық жерде орналасқан Ұзынбұлақ ауылында бір отбасы иіс тиіп көз жұмған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, өрт болмаған.
Үйдің ішінен 40 жастағы ер адам, 38 жастағы әйел, 14 және 11 жасар балалардың мүрделері табылды. Алдын ала болжам бойынша бұл отбасының өліміне пештен шыққан улы газ себеп болған. Отанасы ажал құшқан сәтте аяғы ауыр болыпты. Қазіргі уақытта тексеріс жүргізілуде.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда бір отбасы екі баласымен ыстан уланып көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Биыл жылу маусымы кезінде аймақта 171 өрт болды. Оқыс оқиғалардан келген материалдық шығын 12 млн 660 мың теңгені құрады. Өрт кезінде 11 адам көз жұмып, 17 адам жарақат алды.