Баянауылда екі турист ауа райының құбылуына байланысты кері қайта алмай қалған

Баянауыл ұлттық паркі аумағында төтенше жағдай орын алды. Жасыбай көлінің оңтүстік жағалауында серуендеп жүрген екі турист ауа райының күрт нашарлауына байланысты кері қайта алмай, құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұл туралы BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Құтқарушыларға хабарлама бүгін кешке келіп түскен. Өтініш беруші әйелінің және енесінің – 1989 және 1970 жылы туған Қарағанды қаласының тұрғындарының – жаяу серуен кезінде көлдің қарама-қарсы бетіне өтіп кеткенін, алайда кенеттен соққан жел мен жаңбыр салдарынан өз бетімен кері қайта алмай қалғанын жеткізген.

Шұғыл әрекет еткен ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері оқиға орнына қайықпен шықты. Құтқарушылар екі әйелді дін аман жағаға жеткізді, медициналық көмекті қажет етпеген.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға табиғатта демалғанда ауа райын қадағалап, жоспарланған бағыттан шықпауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Скриншот
Өзгелердің жаңалығы