Биыл Баянауылға 200 мыңға жуық турист келеді деген болжам бар
Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі туристік жерлердің ондығына енген Баянауыл курорттық аймағына биылғы жылы келетін тынығушылар саны 200 мыңға жетеді деп болжанып отыр.
Қазіргі уақытта атулы көлдердегі су жылына қойған жоқ, сондықтан, демалушылар да аз. Сала мамандарының айтуынша, туристік кезең маусымның ортасында ресми түрде ашылады. Әзірге қонақүйлер мен өзге қызмет көрсетуші орындар соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.
Баянауыл аудандық спорт, дене шынықтыру және турзим бөлімінің маманы Нұрқанат Дәрімнің айтуынша, былтырғы туристік кезеңде, яғни жаз айларында өлкеге 120 мыңнан астам демалушы келген. Оның өзіндік себебі бар, былтырғы жылы жаз кеш шығып, күн райы ыңғайсыз болғаны белгілі. Сондықтан, биылғы жазға артылар үміт зор.
«Туристердің сұранысына орай экстремалды демалыс түрлерін дамытуды көздеп отырмыз. Мәселен, осы жылы арқанды парк ашпақпыз. Бұл жобаға жергілікті инвесторлар атсалысып жатыр. Біздің мақсат - өлкенің туристік әлеуетін арттыру. Жазда ғана емес, қыс мезгілінде де демалушыларды қабылдауға мүмкіндік туғызу. Соның дәлелі ретінде былтырғы қыста Мырзашоқы тау-шаңғы базасын аштық. Жасыбай, Торайғыр көлдерінің аумағындағы қонақүйлердің қызмет көрсету сапасын арттыру да алдыңғы қатардағы мақсаттарымыз, әрине», - дейді Нұрқанат Дәрім.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Баянауыл демалыс аймағында түрлі деңгейдегі 54 қонақүй бар. Нысандар бір мезетте 3700 адамды қабылдай алады. Осы жылы тағы сегіз демалыс ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар 500 жатын орынға шақталған. бағаларына келсек, бір тәулікке арналған баға 3 мың теңгеден басталады.
Демалушыларды көбінесе Баянауыл жерінің тау-тастары мен әсем су-көлдері тартады. Бүгінде киелі жерде экологиялық, танымдық және спорттық туризмді дамытуға басымдық берілген. Қазіргі уақытта ұлттық парк аумағындағы табиғи ескерткіштерді таныстыруға арналған 20-ға жуық туристік маршрут бар.