Баян-Өлгийдегі карантин алынып тасталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Моңғолиядағы қазақтар көп тұратын Баян-Өлгий аймағында сәуір айының 30-нан бастап карантин жарияланған болатын.
Оған себеп болған обамен (суыр ауруымен – ред.) ауырған екі адамның қайтыс болуы еді.
Бұған дейін карантиннің 6 тәулікке жарияланғанын хабарлаған болатынбыз. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауына қарағанда өлкедегі шектеу 6 мамыр күні кешке алынған.
Карантинді алып тастау бойынша Баян-Өлгий аймағы әкімінің №324 бұйрығы шықты.
«Шектеу қою кезінде оба ауруымен ауырған басқа адам тіркелген жоқ. Осыған байланысты шектеу қою уақытын ұзартудың қажеттілігі туындаған жоқ. Соған орай 6 мамыр күні кешкі сағат 20:00-де Баян-Өлгий аймағы территориясына қойылған шектеу алып тасталсын», - делінген бұйрықта.
Осыған орай, Ташанта-Қызыл үй шекаралық өткізу-пункті де қалыпты жұмысын жалғастырады. Алайда, 9 мамыр жеңіс күні мерекесіне байланысты шекара 9 мамыр күні жұмыс істемейді.