Баян-Өлгий сапары. Мың естігеннен бір көрген артық
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Моңғолия дегенде көп адамның ойына әуелі Шыңғыс хан түседі. Сосын көшпелі тірлік кешіп жатқан қарапайым көшпенді өмір елестейтіні анық.
Ендеше, «мың естігеннен бір көрген артық» деп Моңғолияның, соның ішінде қазақтар көп шоғырланған Баян-өлгий аймағының бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертер аздаған фото-репортаж ұсынып көрейік.
Біз Баян-Өлгийден батысқа қарай, нақтырақ айтсақ, Моңғолияның ең батысындағы Цэнгэл (қазақша тура мағынасы – қуаныш, думан дегенді білдіреді – авт.) сұмынына (аудан – авт.) бардық. Мұнда тұрғылықты халықтың көбі қазақтар. Сонымен қатар, тувалар мен ұранқайлар да өмір сүреді. Халық жыл маусымына сәйкес жазда жайлауға көшіп, қыста сұмын орталығына қыстайды.
Негізінен мал жайылымына ыңғайлы етіп, қысқы уақытта тау арасында, алыс жайылымдарда қыстайтындар да бар.
Біз әрине, әуелі қыстаққа келдік. Мұнда жайлауға көшпеген (ондайлар да болады) үйлер бар. Жалпы Цэнгэлде 10 мыңға жуық халық тұрады. Солардың арасында қызмет бабымен немесе жайлауға көшпегендер қысы-жазы орталықта отырады.
Қыстақтағы тірлік күнделікті бірсарынмен өтеді деуге болады. Дегенмен өз қызығы да көп.
«Кәрі ЗиЛдар» бұл жақтағы арқалы көліктердің бірі. Ежелгі көшпенділер секілді бұл жерде де 2000-шы жылдардың басына дейін түйемен көшкен болатын. Қазір түйені осы ЗиЛдар алмастырған. Түйеге жүк артқан адамды көрсе бұл жақта «туристер емес пе екен?» деп сұрайды. Себебі туристер машина бара алмайтын қиян жерлерге атпен, түйемен барады.
Қыстауда қалатындардың тағы бір тобы, «салт жататындар». «Салт жататындар» отбасын жайлауға көшіріп апарып тастап, бір өзі келіп қыста отыратын үйін жөндейді. Мына бір тува азаматы да «салт жатыр». Үйінің жыртық-тесігін бүтіндеп, қысқа дайындық жасап жүр.
Жайлауға шықпаған отбасының балалары күні бойы Қобда өзенінің жағасында. Одан қалса, әркім өз ауласында түрлі ойын ойнайды.
Айтпақшы, қыстақтағы балалардың тағы бір ермегі бар. Бұл жиі бола бермейді. Үйге қонақ келіп, қой сойылғанда немесе өзеннен балық аулап, соны тазалаған кезде болады. Ол – кезқұйрыққа жем лақтыру. Аулада мал сойылып жатқанын сезген кезқұйрықтар әп-сәтте маңайға жинала қалады. Олардың «қырандығы» керемет. Кейде балалардың қолынан пысқан бүйрек, қарыған бауырларын да сыпырып кететін кездері болады. Мына кезқұйрық та ауладан әлденені «сыпырып» барады.
Қазір бұл өңірден ат мінетін адамды сирек кездестіресіз. Барлығы мынадай «қытай атқа» мінеді. Тұрғындар «қытай ат» атап кеткен бұл мотоциклдер Қытайда өндіріледі. Жергілікті бағасы 1,5 млн төгрөг (100-110 мың теңге) болатын бұл көліктің тиімділігі жоғары. Дегенмен бір реткі жол апатынан кейін бұл «қытай ат» мінуге жарамай қалады екен.
Жайлау орталқтан 100-150 шақырымға дейін. Алайда сұмын орталығынан 2-3 шақырым жерде, жергілікті халық «Лагерь» атап кеткен жағажайда жайлайтын үйлердің саны жыл сайын көбейіп келеді. Мына көгілдір таулардың құшағындағы ақшаңқан үйлер сол «лагерьліктер».
Цэнгэл сұмынының төр жайлауы – Ақсу, Сырғалы, Көйтен, Шыбарқарағай, т.б. деп жалғаса береді. Біз Сырғалыға жолға шықтық.
Мұндағы көліктің төресі – УАЗиктер. Әрине, жұмсақ джип, қымбат «крузактар» мінгендер де бар. Десе де, мынадай жолға «көзкөрген» УАЗикке жетері жоқ.
Біз баратын ауылдың да төбесі көрінді.
Жаңа ғана жауып басылған жаңбырдан соң жер-дүние нұрланып, шуақ шашып тұрғандай. Ал мына балалар жаңбырдан соңғы табиғаттың тамашасына емес, ауылға келген қонақтарды тамашалай қарап тұр.
Күнделікті тұрмыс, жаз қызығы, аспантаулар арасындағы мамыражай өмір, барлығы да баяғыдан осылай келген, болашаққа осылай баратын секілді.
Біз үшін қодастар қызық. Ал мына қаршадай қыз оларды өз еркіне бағындырған. Күй талғамайтын, қысы-жазы жайылыммен шығатын осы бір «жабайылау» жаратылыс, көшпенділер үшін таптырмас мал. Сүті қою, тезегі отын, жүні киім, терісі арқан-жіп болатын қодастарды жергілікті халық «сарлық» деп атайды.
Жайлаудағы балалар мен қыстақтағы балалардың көп айырмашылығы жоқ. Қыстаудағы балалардың бос уақыты көп, ал жайлаудағы «жүгірмектер» үшін ол жоқ деуге де болады. Отын әкелу, су тасу, қой жаю, қозы қайыру, тіпті жаз бойы шабандоз болып, атқа шабудан қолы тимейтін балалар бар.
Жайлаудағы тағы бір есте қалар ерекшелік – жайлау түні. Аспан төмендеп, жұлдыздарды әне-міне ұстап алатындай болып тұрасың.
Осы боямасыз өмірді, табиғатпен біте қайнасып, бірігіп-кірігіп кеткен тұтас әлемді көру үшін 10 мың халқы бар аядай ауылға жылына 4-5 мың турис келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар көбінде тек атпен жүргісі келеді.
Біз машинамен барып, машинамен қайттық. Ол да жаман емес. Көптен көкейде жүрген сапардың сәті түсті. Бұл жерде біздің кадрға ілінбей қалған, қалам ұшына тимеген қаншама қызықтар, қаншама сәттер бар. Әсіресе ауыл халқының пейілі, қонақ келсе балаша қуанатын көңілі, қонағын хандай күтетін дастарханы, қонағына астындағы атын түсіп беретін мәрттігі, айта берсеңіз таусылмайды. Сізге де, «мың естігеннен бір көрген артық» дегіміз келеді.
(Ескерту: фотографтың айтуы бойынша жазылды)