Баян-Өлгийден Ұланбатырға қоқыс артатын қазақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баян-Өлгий аймағының тұрғыны О.Шәмелхан 2018 жылдан бері өз еркімен қаладағы қоқысты Ұланбатыр қаласындағы қоқыс қабылдау орталықтарына жеткізіп келеді. Бұл туралы жергілікті МОНЦАМЭ агенттігі жазды.
Оның айтуына қарағанда, қоқысты ешкімнен сатып алмайды. Кейде адамдар өздері әкеп береді. Көбінде көшеден, қоқыс тастайтын орындардан өзі жинап алады.Мен 40 жылға жуық шопыр болып қызмет істеймін. Қазіргі уақытта Баян-Өлгий-Ұланбатыр бағытына жүк артамын. Негізінен Ұланбатырдан Баян-Өлгийге түрлі тауар тасимын. Өткен жылдан бері Өлгий қаласының көшелерінен, қоқыс контейнерлерінен пластик бөтелкелерді, пластик есік-терезе жасаушылардың қалдығы қатарлы қайта өңдеуге болатын қалдықтарды Ұланбатыр қаласына артып апарып жүрмін. Екі жылда 40 тоннаға жуық қоқыс апардым. Бұл біріншіден қаламыздың экологиялық тазалығына қосқан үлесім болса, екіншіден Баян-Өлгийден Ұланбатырға барарда үнемі жүк табыла бермейді. Сондықтан осы қоқысты артып барып, қоқыс қабылдайтын орындарға өткіземін. Бұл жол шығынын өтеудің бір амалы - дейді қарт жүргізуші.
Шәмелханның артып жүрген қоқысы салмағы жеңіл болса да, көп орын алатын, көлікке сиымдылығы аз. Осыны ескерген жүргізуші жергілікті жерде қоқыс буатын бума мен прес аппараты болса, бір жолда 15 тоннадан астам қоқыс артуға болатынын айтады.
Қазіргі таңда күнделікті тұрмыста жаппай қолданылып жүрген салофан пакеттер, пластик бөтелкелер қоршаған ортаға орасан зиян келтіретінін экологтар әлдеқашан дәлелдеген. Бір ғана пластик бөтелке қоқыс алаңында жойылып, табиғи тыңайтқышқа айналуы үшін 1000 жылдан астам уақыт керек екені айтылады.