Баян-Өлгийде Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баян-Өлгий аймағының Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасында еліміздің әдебиет және мәдениет орталығы ашылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы орталық кітапхананың құрылғанына 70 жыл толу мерейтойы қыркүйектің 9-10 күндері өтті.
Осы мереке қарсаңында Ақтан Бабиұлы атындағы кітапханада Қазақстанның әдебиет және мәдениет орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатына аймақ әкімінің орынбасары, Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің өкілі Шынар Жұматаева, Ұлттық академиялық кітапхана өкілі Жарқынбек Жұмаділ, «Отандастар» қорының өкілі Талапбек Тынысбек, «Қазконтент» АҚ өкілі Асылбек Байтан және жергілікті ақын-жазушылар, мәдениет қызметкерлері қатысты.
Жаңадан ашылған орталыққа Қазақстан тарапынан белсенділер жинаған мыңнан астам кітап пен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан түрлі танымдық оқу құралдары тарту етілді.
«Бұл орталық жас оқырмандарымызға қазақ халқының салт-дәстүрін, білім-білігін, өнері мен мәдениетін, ғылымы мен әдебиетін танытуда үлкен көмек болады деп ойлаймын. Осы орталықтың ашылуына ат салысып, барлығын ұйымдастырған Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігіне, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне, Дүниежүзі қазақтары құрылтай мен "Отандастар" қорына, сонымен қатар, осы іске ат салысқан барлық ағайынға алғыс айтамын» - дейді кітапхана басшысы Алтынгүл Дәлелқызы.