Кəріс қызы Баян: Мүмкін Қозыны Қазақстаннан табармын
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті.
Жиында ғалым, докторант, Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласының тұрғыны Чун Ян Мин қазақша сөз сөйледі.
Чун Ян Мин - Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің докторанты. Оның Қазақстанда оқығанына үш жыл болған, қазақ тілін Кореяда меңгеріп, елімізде жетілдірген.
"Кореяда 97 пайыз кəрістер тұрады. Ол - моноұлтты мемлекет. Сондықтан мен бірінші рет Қазақстанға келгенде мемлекеттің көпұлтты құрамы маған қатты əсер етті. Мен көптеген шет елдерде білім алдым. Бірақ олардың ішінен халықтың бірлігі мықты Қазақстанды таңдадым. Мені осы жердегі татулық, теңдік, ауызбіршілік таң қалдырады. Қазақстан кəрістері осы елдің шынайы патриоттары, белсенді қоғам мүшесі екендігіне көзім жетті. Жергілікті кəрістердің арасынан 60-тан астам ғылым докторы, 400 ғылым кандидаты шыққаны мені қатты қуантты", - деді Чун Ян Мин.
Ол өз сөзінде "Қазақстанның көпұлтты қоғамы және Қазақстан халқы Ассамблеясы" тақырыбын зерттеп жүргенін айтты.
"Мақсатым - Корея сияқты моноұлтты мемлекеттерге Қазақстандағы ұлтаралық келісімді таныстыру. Сеулде Хангок шет тілдер университетінде Орталық Азия кафедрасы жұмыс істейді. Сол жерде жыл сайын 30 студент қазақ тілін оқиды. Мен де Сеулде қазақ тілін үйреніп, Қазақстанда жетілдірдім. Бір байқағаным, Қазақстан жастары арасында к-поп жанры өте танымал, көп адамдар корей сериалдарын жақсы көреді. Негізі қазақтар мен кəрістердің түрлері өте ұқсас. Көшеде маған көп жағдайда қазақша сөйлейді. Достарым мені Баян деп атайды. Кейде олар менен "Қозы - Көрпешің қайда?" деп сұрайды. Мен оларға "мені іздеп жүрген шығар" деп жауап беремін. Мүмкін Қозыны Қазақстаннан табармын" - деп жиналған жұртты күлдірді Чун Ян Мин.
Атап өтсек, сессияға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Жиын тақырыбы: «Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту».
Сессия жұмысына 1500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.
Қазір салтанатты концерт өтіп жатыр.