"Баяғы жартас - сол жартас". Бектенов жылыту маусымына дайын емес өңір әкімдерін сынап тастады
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындығы төмен өңірлердің әкімдерін сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалды. Бүгін басшылардың көпшілігі қанша жерден сенімді сөйлеуге тырысса да, жұмыстың нәтижелі болатынына менің анық көзім жетіп тұрған жоқ. Жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналды. Яғни, дұрыс жоспарлау жоқ. Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді, – деді Бектенов үкімет отырысында.
Премьер-министр "Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді" дейді.
Мәселен, Қарағанды облысын алайық. «Qarmet» компаниясының 2-ші Жылу орталығындағы 2-ші қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. Оның үстіне 1-ші қазандықты күрделі жөндеу сол күйі басталмаған. №7-ші қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Ал өткен мамыр айында осы мәселені қарағанымызда облыс әкімі 7-ші қазандық мерзімінде іске қосылады деп мәлімдеген. Жалпы мұның барлығы Теміртау қаласының қысқа әзірлігіне, қажетті жылу қуаты мен резервтердің қамтамасыз етілетініне күмән туғызады, – деді Олжас Абайұлы.
Шахтинск тұрғындары да дайындық уақтылы аяқталмай қала ма деп алаңдап отыр.
Қалада тендер бойынша және сол күйі басталмай тұрған жұмыстар төңірегінде сұрақтар көп. Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-ші Жылу электр орталығындағы №4-ші турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Сондай-ақ Комбинаттың 2-ші Жылу орталығында құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр. Үкімет тарапынан бұған дейін МАЭК-ті дамытуға қомақты қаржы бөлінді, – деді Бектенов.
Үкімет басшысының сөзінше, облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылған.
Тіпті жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру. Бүгінде Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. ЖЭО әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатын болады, – деді Бектенов.
Үкіметте жылу беру маусымына қай өңірлердің дайындығы төмен екені де айтылып, биыл қазақстандықтар көмірсіз қалуы мүмкін екені де сөз болған еді. Соынмен қатар премьер-министр Олжас Бектенов әлемде таралып жатқан індетке қатысты мәлімдеме жасаған еді.