Байқоңырдағы ғарыш кешеніне Назарбаевтың аты берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Байқоңырда «Союз-6» және «Союз-5» орташа және орташа ауыр зымырандарды ұшыру үшін салынып жатқан ғарыш-зымыран кешені Қазақстанның Тұңғыш президентінің құрметіне аталды. Бұл туралы kyzylorda-news.kz сайты «Роскосмостың» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Байқоңырда жаңадан салынып жатқан ұшыру кешені енді «Назарбаев старты» деп аталады.

Кешенге Елбасының атауын беру туралы ұсынысты Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин жасаған.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Ресейге сапары аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Мәскеуде ВДНХ-ғы жаңартылған «Қазақстан» павильонына барды.

Сол жерде Роскосмос басшысы Дмитрий Рогозин мен Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев екі жақ бірігіп салып жатқан кешен туралы баяндады.

Ресей президенті кешеннің атауы неге «Бәйтерек» деп сұрағанда, Н.Назарбаев мағынасы «өмір ағашы» екенін түсіндіріп, бәйтерек туралы қазақ аңызын айтып берді.

«Одан да «Нұрсұлтан» деп атайық. Бұл жобаны жасаған сіз ғой», - деп ұсыныс айтты Путин.

Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жобаның «Ресей мен Қазақстанның серіктестігі арқасында жүзеге асып жатқанын және оның ғарыш саласын жаңа деңгейге көтеретінін» атап өтіп, «Нұрсұлтан» емес, басқаша атайық, «Назарбаев» болсын», - деді.

Владимир Путин болса, «Келістік» деп қысқа қайырған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы