«Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін»

Жақсы жаңалыққа сүйінші, жақсы дүниеге көрімдік, байғазы беру қазақы болмысымыздан әлі де ұмыт бола қойған жоқ. Елдің атын шығарған, абыройын көтеріп жүрген азаматтарға, әсіресе қазіргідей Олимпиада кезінде жүлделі орыннан көрінген спортшыларымызға небір атымтай жомарттар қолында барын беріп жатады. Бұл үрдіс биыл да жалғасып жақан секілді.

«Париж төрінде өтіп жатқан Олимпиаданың алғашқы күні алттынан алқа таққан дзюдошы Елдос Сметовке ақтөбелік азамат жүз жылқы сылайтынын айтыпты», деген ақпарат әлеуметтік желіні шарлап жүр. Бұл ақпараттың расөтірігі де әзірге белгісіз. Себебі ешкім бұл ақпаратты растап, ресми жариялаған жоқ. Егер рас болса, бәрекелді! Бұл сыйлық Елдостың ғана емес ақтөбелік атымтай жомарт азаматтың да абырой-беделін өсірер еді. Естіген ел: «Жарайсың!», «Тәңір жарылқасын» десіп жатыр. Бұл Елдосқа берілген алғашқы әрі соңғы сыйлық еместігі де белгілі. Ел ішінде әлі талай жайсаңдар «Елдостың алтынына» деп бір-бір байғазы дайындап отырғандары жасырын емес. Бірі айтып берер, бірі айтпай берер. Әйтеуір, береді. Берсін! Елімнің абырой үшін деп еткен еңбегінің, төккен терінің жемісін көрсін! Ееңсесі көтеріліп, абыройы асқақтасын. Байлық та біреуге берсең, қайыр қылсаң ғана байлық, болмаса ол да бір сасыған боқ дүние.

Мұндай жомарттықты қазақ байлары бұған дейін де жасаған. Спортшыларымыз әр олимпиададан жеңіспен оралған сайын қалтас қалың жігіттердің жерге қарап қалған кезі жоқ. Спортшыларға негізгі қолдау жеңіске жеткеннен кейін емес, сол жетістікке жеткенше көрсетілу керек секілді. Себебі, небір талантты жастардың жаттығуға, жарыстарға баруға қаржы таппай жарты жолда спорттан қол үзіп жатқандар қаншама. Тіпті әлемдік ринкте жүрген Жәнібек Әлімханұлы да көп жағдайда демеушінің жоқтығын, қаржының жетпейтінін айтып жүреді. Адамға тоқ кезде берген қазыдан, аш кезде берген ботқаның дәмді болатынын кейде ескермей жататын секілдіміз. Болмаса байлық та Құдайдың бұйыртқан адамына бітеді.

Қазақта «Кім хан болғысы келмейді, халқы қаламайды. Кім бай болғысы келмейді, Құдай қаламайды» деген сөз бар. Расында да мансапты, ауқатты болуды армандамайтын кісі жоқ. Әсіресе, дәл бүгінгідей заманда. Қазақта бұрын да бай аз болмаған, бүгін де жоқ емес. Бірақ қанша дүние бітсе да қайырымсыз байлар қай кезде де болған. Қазекең мұндайда: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген.

Бүгінгі қоғамның байларға деген көзқарасы әртүрлі. Оның да себебі жоқ емес. Себебі қазіргі байлар да әртүрлі. Бірі маңдай терін төгіп, адал еңбегімен мол байлыққа кенелсе, енді бірі мемлекеттің қаржысын, халықтың салығын, қарапайым жұмысшылардың еңбегін жеп, тонаумен байып отырғандар. Ал негізінен байға деген теріс көзқарас кешегі кеңестік дәуірде қалыптасты. Болмаса қазақ даласындағы байлар көбінесе лайықты құрметке ие болған. Себебі олар жай ғана бай адамдар емес еді. Билер, балар, батырлар рудың дербес болуына мүмкіндік берді. Билер сотқа, батырлар соғысқа, ал қалғандарына байлар жауапты болды, олар рудың материалдық және рухани тірегі болды. Бидің басты қасиеті ақылдылық, әділдік және әдет-ғұрыпты жетік білу болса, батырды ерлігі мен әскери шеберлігі анықтаса, билерді еңбекқорлығы мен жомарттығымен бағалаған.

«Қазақтың Нобелі» атанған Мамановтар әулеті

Мұндай байларға мысал ретінде Мамановтар әулетінің өкілдерін атауға болады. Олар табысты сауда жасап, байлықтарын көбейтіп, соның арқасында көптеген халықты асырай алған. Атап айтқанда, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға көмектесіп, мектеп салып, шығармашыл зиялы қауымға демеушілік көрсеткен. Есенқұл Маманов салдырған оқу орнының арқасында Ілияс Жансүгіров, Мұхамеджан Тынышпаев, Біләл Сүлеев, Жұмахан Күдерин секілді тұлғалар қалыптасты. Олар сол мектептен тегін сапалы білім алды.

Есенқұл Мамановтың атын XX ғасыр басындағы қазақтың екі негізгі басылымы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің бетінен жиі оқуға болады. Тіпті оны Альфред Нобельге теңеген де тұстары бар. 1915 жылғы «Айқап» журналының № 7-8 санында: «...Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Альфред Нобель жолымен Есенқұл бай Маманов жүріп отыр. Роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек – қазақтың басқа байларының міндеті» деген мақала бар.

1913 жылдың желтоқсанында Есенқұлдың үйелмелі, сүйелмелі екі бірдей перзені дүниеден өтеді. Бірінің жасы бесте болса, екіншісінің жасы небары екіде екен. Сол құлыншақтарының көзіндей көріп, қастерлеп жүрер бір кітап жаздыруды ойлайды. Осылайша Есенқұл таза қазақ тілінде жазылған, қазақ тұрмысты жазған ерекше Романға қомақты қаржы тігіп, бәйге жариялайды. Сол алғашқы әдеби байқауда Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романдары үздік деп бағаланады. Жүлде қоры 2000 сом болған.

Қосшығұловтар әулеті

Қазақтың саудаға ебі жоқ деген түсінік қалыптасқан. Бірақ бұл жалған түсінік. Қосшығұловтар әулеті сауданы дамытып, тіпті сол заманның өзінде алыс елдермен байланыс орнатып отырған. «Қосшығұловтардың кәмпит-тоқаш» фабрикасы – қазақ жеріндегі алғашқы дайын өнім шығаратын кәсіпорындардың бірі болған.

Құрманғали Қосшығұлов Санкт-Петербургтегі учетно-кооперативный институтының сауда экономикасы мамандығы бойынша білім алған адам. Сондықтан да оны қазақтың алғашқы жоғары білімді экономист мамандарының бірі деп айтуға толық негіз бар.

Құрманғали автомобильді алғаш рет Санкт-Петербургте көреді. Ол кезде Ресейдің Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты қалаларының өзінде автокөлік таңсық болатын. Құрманғали өзі сияқты талапты студенттермен бірге автомобильді жүргізуді бірінші үйренушілердің ішінде болды, куәлікті де сол кезде алған болуы керек. Тағы бір ескертетін мәселе, Құрманғали біз сияқты автомобильдің рулін ұстағанға мәз болған жоқ, ол оның қалай жүретінін, тетіктерін қалай жөндеу керек екенін зерттеді. Осының дәлелі – студент кезінде-ақ Құрманғалидың Ресейдегі алғашқы автожарыстарға қатысқандығы және бәйгеге тігілген американ автокөлігін ұтып алуы. Ол тіпті 1900 жылдардың басында сонау Санкт-Петербургтен Қараөткелге автомобиль мініп келген. Бұл туралы оның бауыры Бекмұхамбеттің естеліктерінде айтылады. Және бір ғана көлік емес Санкт-Петербург пен Мәскеуден Қараөткелге тапсырыспен жеткізіп тұрған.Қазір бізде де шет елдерден көлік әкеліп сататындар бар. Оның негізін өткен ғасырдың басында Қосшығұловтар бастаған.

Әттееең, дейсің кейде осындай тұлғалардың өткен өмір жолып оқып отырып. Сол кезеңнен бері кедергісіз дами бергенімізде ғой. Бұл кезде бізде дамыған елдердің қатарында болар едік. Бірақ кедергінің көкесіне кезігіп, кеңестік жүйеге жұтылып кеттік қой. Болмаса елдің қамын ойлайтын ұл да, ойлы ұлды қолдайтын көзі ашық қалталы азаматтар да бар еді.

Кезінде қазақ даласына келіп, жағдайды көзімен көрген орыс генералы Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы «бай» дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан бай деп мойындамаған», – деп жазады. Расында да бай мен байлықтың айтарлықтай айырмашылығы бар. Қазір де қазақ байлары аз емес. Олардың алды америкалық "Forbes" журналында әлемдік деңгейдегі қалталылармен қатар тұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы