Бауыржан Оразғалиев Тоқаевпен кездесуде қандай мәселе көтерілгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесті. «Атамекен» ҰКП аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиевтің айтуынша, кездесуде бірқатар өзекті мәселе талқыланды.

Бүгін Президенттің бастамасымен еліміздің түкпір-түкпіріндегі шағын және орта бизнес өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесуде кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер талқыланды, - деп бастады ол сөзін.

Мемлекет басшысы мен кәсіпкерлердің бұған дейінгі кездесу ақпанда өткен болатын.

Алдыңғы кездесуде ірі бизнес өкілдеріне басымдық берілсе, бұл жолы шағын және орта бизнес өкілдері назарда болды. Бүгін шамамен 80-ге жуық кәсіпкер келді. Олар бірқатар мәселе көтерді. Атап айтқанда, салық саясатына, пандемиядан кейінгі тексеру, импорт, өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелері. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов шағын және микро бизнестің бірқатары «көлеңкеде» жүргендіктен барлығына бірдей салық жүйесін енгізу бастамасын көтерді. Сондай-ақ көп кәсіпкер пандемиядан кейін тексерістен қорқады. Осыған байланысты тексеруді тоқтатуды тағы бір жылға (2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) ұзартуға қатысты бастама көтеріп жатырмыз, - деді «Атамекен» ҰКП аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев.

Ол аталған бастамалардың қолдау табатынына үміттеніп отырғанын айтты.

Жалпы бизнес саласында қордаланған біраз мәселе бар. Президенттің қолдауының арқасында кәсіпкерлік дамиды деп ойлаймын. Мысалы, шағын және орта бизнестің үлесі 34,7 пайыз, алайда бұл көрсеткіш дамыған елдерде 50 пайыздан асады. Осы көрсеткішке жету үшін «Атамекен» де ауқымды жұмыс атқарып жатыр, - деп түсіндіріп өтті Бауыржан Оразғалиев.

«Атамекен» өкілі кездесуде басты екі мәселе ерекше назарда болғанына тоқтала кетті. Оның бірі - кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау және екіншісі мемлекет пен бизнестің арасындағы қатынасты реттеуге қатысты мәселе.

Бұған дейін Мемлекет басшысы «Атамекенге» тапсырма берген болатын. Соған қатысты трансформациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деп айтты «Атамекен» ҰКП аппарат басшысы.

Оразғалиев елдегі бизнестің қазіргі жағдайына тоқталды.

Біздің есептеуіміз бойынша 2020 жылы 31 мыңға тарта кәсіпкер өз ісін тоқтатты. Бірақ қазір кәсіпкерліктің саны артқанын көріп отырмыз. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, 1,4 млн-нан астам кәсіпкерлік субъектісі бар. Олар 3,5 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен әлеуетіміз бұдан да жоғары. Ол үшін ірі, алпауыт компаниялар тапсырысты жергілікті кәсіпорындарға берулері керек, - деп есептейді «Атамекен» ҰКП аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы