Бауыржан Момышұлының сіз бен біз білмейтін өнері

Бауыржан Момышұлы – ұлт тарихындағы ұлы есім. Оның әскери ерлігі, жауынгерлік шеберлігі, көркем әдебиетте қалдырған ізі мен қанатты сөздері ел жадында жатталған асыл мұра. Алайда даңқты қолбасшының нәзік өнерге де жақын болғанын бірі білсе, бірі білмейді. Жуалыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы мемориалдық музейде сақталған ерекше жәдігерлер оның өнерге деген іңкәр жүрегін, ішкі жан-дүниесінің қаншалықты рухани бай болғанын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халқымыздың біртуар перзенті, Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мемориалдық музей – Жуалы ауданы, Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан. Музей меңгерушісі Нұрлыхан Нұржаубеков аталған киелі орын ел есінде ерлігімен сақталған тұлғаның өнегелі өмір жолын ұрпаққа танытып, тарихи жәдігерлер арқылы оның бейнесін жаңа қырынан танытуға бағытталғанын айтады.

Музейдің негізі 1990 жылы қаланып, 1995 жылдың 5 мамырында ресми түрде ашылды. Қазіргі таңда экспозициялық залдарға 838 жәдігер қойылған. Музей қоры 1556-ға жуық тарихи және мәдени құндылықтарды қамтиды. Олардың ішінде Баукеңнің балалық шағынан бастап, әскери және жазушылық кезеңіне қатысты суреттер, жеке тұтынған заттары, бейбіт өмірде киген киімі, пайдаланған ыдыстары, қолымен қиып жасаған ою-өрнек альбомы, мемлекеттік наградалары мен марапаттары және жұмыс бөлмесіндегі жиһаздары мен жазу құралдары сақталған, – дейді Нұрлыхан Нұржаубеков.

Музей меңгерушісінің айтуынша, мұражайда ерекше орын алатын бұрыштардың бірі – "Баукеңнің қарулас жерлестері" деп аталады екен. Бұл бөлімде Жуалы ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанған жауынгерлердің суреттері, олардың майданнан жазған хаттары, жеке құжаттары, алған марапаттары мен орден-медальдары жұрт назарына ұсынылған.

Одан бөлек, мұражай төрінен ерекше орын алған тағы бір құнды жәдігер — батырдың өз қолымен жасаған ою-өрнектері. Түрлі түсті қағаздардан қиып, кейбірін кестелеп түсірген бұл қолөнер туындылары Бауыржан Момышұлының көркем қиялы мен нәзік жан дүниесінің айғағы. Батыр немересі Ержанға арнап оюлар ойып, сезім мен сағыныштан өрілген бейнелерді қағаз бетіне түсіріп отырған екен.

Батырдың "Ой түбіне жете алмай тыйтықтасам, қолыма қайшы алып, ою оям" деген жолдары да осы ішкі толғаныстың көрінісі екенін аңғартады. Баукең қолына қайшы алып, бір-біріне ұқсамайтын, мәні терең, шеті жұмбақ оюлар ойған. Бұл – оның ішкі тебіренісін, жан толқынысын бейнелеудің өзгеше тәсілі еді. Қолөнер туындылары – тек сәндік үшін емес, рухани шежіре, уақыт пен көңілдің бедері, – дейді Нұрлыхан Нұржаубеков.

Бүгінде музейде сақталған 70 жуық ою-өрнектердің әрқайсысында күні мен айы жазылған. Ал Бауыржан Момышұлының оюларын көрген зергерлер мен қолөнер шеберлері бұл туындыларды "жер қойнауынан жеткен тарих" деп бағалаған екен.

Бауыржан Момышұлы – тарихта аты алтын әріппен жазылған ұлы қолбасшы ғана емес, ойы терең, жан дүниесі бай, ұлттық рухты бойына сіңірген тұғырлы тұлға. Оның артында қалған бай мұрасы – тек әскери тәжірибе мен жазбалар ғана емес, жанын тербеген өнер туындылары, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін бейнелеген қолөнер бұйымдары. Өз қолымен қиып, кестелеген ою-өрнектер – тек көздің жауын алатын ұлттық нақыш қана емес, терең тебіреніс пен ішкі дүниесінің көркем көрінісі. Бұл – соғыс даласында шыңдалған жүректің нәзік қыры, ұрпағына қалдырған үнсіз өсиеті. Жуалыдағы мемориалдық музей – осы рухани байлықты көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуде үлкен еңбек атқарып келеді. Музей төрінен орын алған әрбір жәдігер – Бауыржан бабаның өмір жолынан сыр шертетін шынайы шежіре, тарихи аманат. Оның өнегелі өмірі мен көпқырлы тұлғасы бүгінгі және болашақ буынға – елдік пен ерлікке, тәрбие мен өнерге деген адалдықтың үлгісі. Ұлтының ұлы перзенті ретінде Баукеңнің аты да, мұрасы да мәңгілік болмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы