Бауыржан Канкин: Біздің басты приоритет – Шымкентке инвестиция тарту

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент – республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін 2018 жылдың қыркүйегінде "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамы құрылды. Бұл акционерлік қоғамның басты миссиясы - Шымкент экономикасын жандандыру, бизнесті дамыту. Осы компанияның қазіргі негізгі приоритеті туралы "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Канкиннен білдік. 

Басқарма төрағасы қызметіне таяуда келген Бауыржан Канкиннің айтуынша, "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ның бүгінгі таңдағы басты приоритеті - Шымкент қаласының инвестициялық потенциалын арттыру, Шымкентке инвестиция тарту.


Сандарға қарасақ, көрсеткіштеріміз жақсы. Қала әкімдігінің де әкімнің де талап етері – Шымкентке инвестиция тарту. Инвесторларға қолдау көрсету, кәсіпкерлерді қолдау, жаңа кәсіптер ашуға жағдай жасау. Потенциалымыз үлкен, қатысушылар аз. Біз міне сол қатысушыларды көбейтуге тырысамыз. Қазір пандемия кезінде адамдар карантинге кетіп, қарым-қатынасы сиреп жатыр. Сондықтан барлық кездесуімізді онлайн режимде өткіземіз. Instagram-да да қаншама адам дайректе жазады, солармен байланысып, жаңа адамдар танып, араласып, жоба жасауға тартамыз. Уникал күшті жобалар бар, бірақ аз. Өйткені, бірегей жобаларды инвесторлар іліп кетеді. "Біз немен айналысамыз" деген сұраққа қысқа айтар болсақ, түрлі бағытқа бөліп қараймыз, - дейді ол.

Соның біріншісі жер мәселесі екен.


Өйткені кез келген жоба жерден басталады. Жер мәселесі шешілмесе, ештеңе басталмайды. Жер болмаса, құрылыс соғу мүмкін емес. Осы бағытта біз жер учаскесін беруді оңайлаттық. Бесжылдық жалға беру қызметі бар. Бір гектар 2,5 млн теңгедей болады. Бұл жер тұрғын үй салуға емес, өз кәсібін бастауға беріледі. "Кәсіп ашамын" деп жер сұрап келгеннің бәріне бірдей жер бере бермейміз. Ашатын кәсіп түріне қараймыз, өйткені біз қаланың дұрыс экономикасын қалыптастыруды көздейміз, соған ынталандырамыз. Қаланың жалпы ішкі өніміндегі үлесі аз, бірақ потенциалы зор кәсіп түрлерінің дамуына жағдай жасаймыз. Мәселен, Шымкентте қызмет көрсету саласы да, тамақтану саласы да қатты дамымаған, жалпы ішкі өнімдегі үлесі аз. Міне, соны да дамытуымыз керек. Құрылыс саласы да қаланың жалпы ішкі өніміндегі үлесі соңғы орындарда. Біздің жер учаскелерін беру барысында да осыған мән береміз. 5 жыл мерзімге жеңіл шарттармен жер береміз. Осы бағытта "1000 орын бағдарламасы" бар. Бұл да ең негізгі бағдарламаларымыздың бірі. Біз әрбір конкурсқа мейлінше көп қатысушы келгенін қалаймыз. Екі конкурс өткіздік, көңілі толмағандар да, көңілі толып, разы болғандар да бар. Конкурста критерийлер бар: біріншісі, аукцион түрінде өтетін бағасы. Конкурс туралы көп адам біліп, қатысса, бәсеке күшейеді. Мұнда 20-30 шаршы метр жер учаскелері бар. Демек, сондағы 20 шаршы метр дүңгіршекті жалға алу бағасы жылына 500 мың теңгедей болады. Айына 50 мың теңге шамасында түседі. Бұл өте жақсы ұсыныс деп ойлаймын. Екіншісі, тауар өндірушілерге басымдық беріледі. Кім тауар өндіру кәсібімен айналысса, соларға басымдық береміз. Олардың жер учаскесін алуға мүмкіндігі жоғары болады, - дейді Бауыржан Канкин.
Сондай-ақ, "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ қаржылай қолдау көрсетеді.
"Бизнестің жол картасы" бағдарламасы шеңберінде мемлекеттен көп қаржы бөлінеді. Алайда, бұл бағдарламаға қатысушылар аз. Сіз жер аласыз, жеңілдікпен несие аласыз. Содан кәсіп бастайсыз. Менің байқағанымдай, Шымкентте кәсіп ашу аса қиын емес. Қазір Шымкентте тамаша екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Біріншісі, "Hyundai premium" орталығының ашылуы. Бұл орталық Орталық Азияға көлік жөнелтетін болады. Екіншісі, Starbucks ашылады. Бұл – әлемдік франшиза. Мұның барлығы, Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін көрсетеді. Адамдар Шымкентке келгенде мұндағы әлемдік брендтерді көріп, инвесторларға тартымды екенін түсінеді, - дейді Бауыржан Канкин.

"Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ның тағы бір негізгі бағыты – тұрғын үй құрылысы екен.

Биыл Шымкентте "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында және "7-20-25" бағдарламасы және тағы басқа қаржы көздерінен 13 636 пәтерлі 252 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жалпы ауданы бір млн шаршы метрді құрайды. Соның ішінде, 78 тұрғын үй бюджет, 48 үй "Shymkent" ӘКК" АҚ және 126 үй жеке салушылар есебінен жүргізілуде. Біз қазір салынған үйлерді сату қызметін де жүзеге асырып жатырмыз. Бұл пәтерлер қолжетімді. Қазір New City тұрғын үй кешенін сатуға кірістік. Мұнда 8 ғимарат бар. Бір шаршы метрі 230 мың теңгеден 270 мың теңгеге дейін сатылып жатыр. Терезесі Шымкент сити жаққа қараған пәтерлер қымбаттырақ тұрады. Өте сапалы салынған үйлердің бірі. Жобалануы да заманауи, барлық материалы да сапалы. Кондиционер болмаса да пәтер іші салқын. Ал қыста жылы. Ауласы да кең, сауда орындары да бар. Барлық коммуникациясы қосылған. Дайын үй. Техникалық құжаты ресімделіп жатыр. Бұл біршама созылыңқы процесс. Қазір сондағы екі ғимараттың 80 пайыз пәтерлері брондалып, банк мақұлдамасы алынған. Техникалық құжатын күтіп отыр. Жалпы Шымкенттегі тұрғын үй бағаларына келсек, бір тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер бағасы әрқалай болады. Баға қалай белгіленеді, жоғары қабаттар арзан болады, 2-5 қабаттағы пәтерлер қымбаттырақ, 3 бөлмелі пәтерлер 1-2 бөлмелі пәтерлерге қарағанда арзанырақ болады, - дейді Канкин.

Оның айтуынша, "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ына бірнеше тәсілмен хабарласуға болады.

Біріншісі, маған Instagram-да @b.kankin аккаунтына дайректе жазуға болады. Сондай-ақ, +77015551462 уатсап нөмірімізге жазсаңыз болады. Тағы бір жолы – "Қайнар" бизнес орталығындағы кеңсемізге немесе "Заңғар" бизнес орталығындағы кеңсемізге келіңіз. Келсеңіз, бетпе бет сөйлесеміз, - дейді Бауыржан Канкин.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы