Бауыржан Байбек Отырардың зиялы қауымымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің аймақтарға іссапары Түркістан облысында жалғасуда. Сапар барысында Б. Байбек Отырар ауданында болып, өңірдің зиялы қауымы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жетекші партия Төрағасының Бірінші орынбасары сапар барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірқатар аудандарды да аралауда.
Сапар аясында Отырар ауданында болып, өңірдің зиялы қауымы өкілдерімен кездесті. Өз кезегінде сөз алған Бауыржан Байбек бас партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, руханият саласындағы партияның жоспарлы тапсырмаларын тілге тиек етті.
Біз айтыс өнерін қолдау арқылы өзіміздің мәселелерді ашық көтереміз. Сол үшін айтыскерлерді қолдаймыз. Жалпы айтыс – қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі. Сондықтан оны қолдау керек. Халық оны жақсы көреді, - деді Бауыржан Байбек.
Кездесуде аймақтың бүгінгі жай-күйі мен өңірдің қалыптасу кезеңіндегі атқарылған тірліктер, жалпы жұрт көкейіндегі мәселелер мен руханият, тіл, әдебиет жайы қамтылды. Елдің ынтымағы мен бірлігін нығайту тарапындағы ұсыныс-пікірлер де ортаға салынды. Жазушы Мархабат Байғұт Түркістан қаласынан "Әдебиет әлемі" орталығын ашуды ұсынды.
Егер бұл жоба жүзеге асса, бүгінде ғимаратсыз жүрген жазушылар мен журналистер одағының филиалдары сонда орналаса алады. Жаңа облыс орталығының әдеби ортасын қалыптастыруға ықпал ететін еді, - дейді қаламгер.
Сонымен қатар, онда түрлі әдебиет үйірмелері ашылып, жас айтыскерлер мен жазба ақындар, жазушылар бас қосатын өнер орталығына айналар еді деп тоқтады. Басқосуда аймақ зиялылары облыс көлеміндегі мәселелермен қатар, жалпы ұлт болашағына, мемлекетті өркендетуге қатысты ой-пікірлерін де жеткізді.