Бауыржан Қарағызұлы: Бірлігіміз осындайда сыналады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақын Бауыржан Қарағызұлы қазіргідей сын сағатта бір-біріміздің кемшілігімізді тергілемей, бірігіуге шақырды. Бұл туралы Бауыржан Қарағызұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Әлеуметтік желіні ашып қалсаң бір-бірін кекетіп-мұқатқан аға-бауырымды көріп, жүрегім ауырып, көңілім құлазып қалады. «Қайтсем дүйім елдің алдында жақсы атанып қаламын» деген кеміс сөз, кемтар ой. Осы жерде отырған көзіқарақты, кең ойлайтын адамдардың бәрі біледі ғой, ондай жазбалардың арғы жағындағы адамның ниеті көрініп тұрады өзі. Елдің бәрі ақымақ емес қой, енді... Кейбіреудің жазбасының артынан қайтсем билікке ұнап, креслодағы қызметкерге бір көрініп қалсам деген ис шығып тұрады. Ол да бір ыңғайсыз жағдай. Керісінше. осындай қиын кезде сол билікте жүрген адамдарды ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Күлкі емес! Олар да етпен сүйектен жаралған менің Қазағым ғой!, – деп жазды ақын.

Сондай-ақ, ол індеттен көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтып, қазір тұтас жер бетін мекендеген жандар осы дерттің құрбаны болып жатқанын жазды.

Біз қазір өте қиын кезеңге тап болдық. Біріміздің ағамыз, біріміздің бауырымыз, ағайын-туысымыз ағаштан үзілген алмадай көз алдымызда домалап түсіп жатыр... Қара жамылып отырған қаншама отбасы бар. Жүрегімді алақан қып жайып тұрып, көңіл айтамын! Тұтас әлемдегі жыбырлаған жан иесі жер бетін жайлаған осы дерттің құрбаны болып жатыр. Оңай емес. Ойнайтын нәрсе емес! Біреу ашынып жазады, біреу ашығып жазады. Біреу жоғарыда айтқанымдай еліріп-желігіп жазады, біреу дау туғызып, «данагөй» болып жазады. Шіркен деймін, дау-дамайдан, даурықпа сөзден мүйіз шығатын болса, бәріміздің мүйізіміз қарағайдай болып кетер еді ғой! Әлеуметтік желіде күңірене бермей, бір-бірімізге демеу болайық. Жол көрсетейік. Жұбатайық. Ауырып-сырқап жатқан адамдар бар. Жақсы сөз сөйлейік, жабыққаның жанына медет болайық. Ел өзіміздікі, мемлекет өзіміздікі! Жұмыр басымызды жерге тоқпақтасақ та осы мемлекеттен артық ел таппаймыз! Түбін қусақ бәріміз - туыспыз, жақынымызға жанашыр болайық. «Ырылдайсың, қаппайсың, менен жақсы таппайсың» демей ме?!, – деп жазды Бауыржан Қарағызұлы.

Сондай-ақ, ол сырқаттар үшін өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттарды елге жеткізіп жатқан белсенділерге алғысын айтты.

Дәл осындай ел басына күн туғанда, өршеленіп, өрекпіп сөйлеп өтірік ұпай жинағанды қоялық! Қарапайым адамдарды дүрліктірмейік. Одан да бір жағынан шығайық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез! Аты өшкір, мынау бір COVID-19 дағдарысы төрткіл дүниені теңселтіп тұр ғой! Бұ кезең әр мемлекетке, әр ұлтқа, саяси жүйелерге: «Біз кімбіз? Ертең кім боламыз? Сын-сағаттан қалай жол табамыз?» деген сұрақты төтесінен қойып отыр. Ел алдындағы, есті адамдардың бәрі қолынан келгенін жасап жатыр ғой. Бірлігіміз осындайда сыналады! Қойдың құмалағындай шашырамайық. Осы жерде сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейінші, мұқым елді ұйыстырып, жан ұшырып жақсылықтың жаршысы болып, сырқаттар үшін өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттарды елге жеткізіп жатқан Қайрат Жолдыбайұлы Айнұр Тұрсынбаева Сырымбек Тау (Syrymbek Tau) Жаннат Бақыт (Жанат Бақыт) т.б секілді аға-әпкелеріме алғыс айтамын! Аман болайықшы өзі! Айтайын дегенім – осы! «Өз сөзім – өзімдікі». Сақтанып жүріңіздер!, – деп жазды ақын Бауыржан Қарағызұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы