Бауыржан Әлтеев: Қаңтар оқиғасын жарнамалау дұрыс емес
Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев Қаңтар оқиғасы туралы айта бермеу керек деген пікірде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл тақырып өте ауыр. Олай дейтін себебім, бұл біздің елімізге түскен тағы бір жағымсыз таңба ретінде тарихта қалды. Меніңше жазылмайтын жараның бетін тырнай бергендей, бұл тақырыпты қайта- қайта қозғай бермеу керек, - дейді ол.
Оның бұл пікірді қалыптастыруының себебін сұрағанымызда:
Себебі осы оқиғаны айтып, жақындарынан айырылғандардың ауыр да естен кетпес қайғыларын қайта-қайта еске түсіре бермеуіміз керек. Тіпті Қаңтар оқиғасына байланысты беріліп жатқан көмектер де жария болмағаны жөн. Оны жарнамалау дұрыс емес сияқты. Ең бастысы елімізде әрбір азаматқа, елін, жерін сүйуін үйретуіміз керек, жас ұрпақты осы бағытта тәрбиелеуіміз қажет, - деп түсіндірді.
Бауыржан Ілімшеұлының сөзінше, біртұтас мемлекет деген ұғымның мағынасы - билік пен халықтың көздеген мақсаты мен әрекетінің бір болуында.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда болған Қаралы қаңтар оқиғасына тура бір жыл. Күні кеше Астанада өткен Мәжілістің жалпы отырысы да Қаңтар оқиғасына арналды. Мәжілісте еліміздің бас прокуроры Берік Асылов Қаңтар оқиғасы туралы толық ақпараттар ұсынып, сауалдарға жауап берген еді.