Бауыржан Әбжанов жаңа қызметке тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады. 

14 шілдеде Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары лауазымына генерал-майор Бауыржан Әбжанов тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов генералды жоғары тағайындалуымен құттықтап, жеке құрамға таныстырды.

Бауыржан Садықұлы көп жылдан бері құқықтық тәртіп әскерінде қызмет етіп келе жатқандықтан көпшілігіңізді жақсы біледі. Дегенмен жауынгерлік жолдасымыз туралы қысқаша айтып берейін. Оның басшылық және қарамағындағылар арасында беделі жоғары. Курсанттан және лейтенанттан генерал-майорға дейін, взвод командирінен өңірлік қолбасшылықтың басшылық лауазымына дейін қызмет жолынан өтті. Соңғы жылдардағы лауазымы – Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұлан Академиясының бастығы қызметін де абыроймен атқарды. Өңірлердегі және орталықтағы барлық әскери қызметшілер бұл кісіні кәсіби сардар, білікті басшы және нағыз офицер ретінде таниды. Жаңа орында Бауыржан Садықұлы мұны тағы да дәлелдеп, мемлекет пен құқық тәртібі әскерлеріне адал қызмет етеріне сенімдімін, - деді ол. 

Өз кезегінде генерал-майор Бауыржан Әбжанов ІІМ басшылығына және Ұлттық ұлан бас қолбасшылығына жоғары сенім артқаны үшін алғыс білдіріп, оны ақтау үшін бар күшін салатынын айтты. 

Бауыржан Садықұлы Әбжанов 1968 жылы 10 сәуірде Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысы, Еңбекшілдер ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. 1990 жылы КСРО ІІМ Новосібір жоғары әскери командалық училищесін бітірді. 1998 жылы М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны, ал 2013 жылы Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының академиясын тәмамдады.

1990 жылдан 2012 жылға дейін взвод командирінен ҚР ІІМ Ішкі әскерлер құрама командиріне дейін әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, инспекторлық-талдау басқармасының бастығы – Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Әскери кеңесінің хатшысы болды. 2018 жылдан бері ҚР Ұлттық ұланы Академиясын басқарды.

1988 жылдың маусымынан тамызына дейін, 1988 жылдың қарашасынан 1989 жылдың қаңтарына дейін және 1989 жылдың маусымы мен шілдесіне дейін Закавказье республикаларындағы ұлтаралық қақтығысты реттеуге қатысты.

ҚР Президентінің 2011 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен оған «генерал-майор» әскери атағы берілді.

Бауыржан Әбжанов ІІМ еңбегі сіңген қызметкер, КСРО және Қазақстан Республикасының 27 медальдарымен марапатталған PhD философия докторы, Қазақстан Әскери ғылымдар академиясының профессоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы