"Бауырына салу" кинокартинасы халықаралық фестивальде үздік фильм атанды
Ресейдің Чита қаласында өткен XII Забайкалье халықаралық кинофестивалінде қазақстандық режиссер Асхат Күчинчерековтың "Бауырына салу" картинасы "Жаңа көзқарас" байқауының үздік фильмі атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
"Бауырына салу" – қазақтың көне дәстүрлерінің бірі жайлы баяндайтын туынды. Әжесінің қолында өскен баланың тағдыры суреттелетін фильмде бала әжесінің өлімінен кейін ата-анасының қолына оралып, олармен қайта байланыс орнатуға тырысады. Бұл – режиссердің өз өміріндегі шынайы оқиғаларға негізделген автобиографиялық драма.
Фильм бұған дейін де халықаралық аренада жоғары бағаланған:
- Asia Pacific Screen Awards – Үздік жасөспірімдер фильмі,
- Baku International Film Festival – Бас жүлде,
- Cinema Heritage Festival (Франция) – Арнайы марапат,
- Asia World Film Festival – оператор *Жанарбек Елеубекке "Үздік оператор" номинациясы берілді.
Айта кетейік, "Бауырына салу" фильмі 2025 жылғы "Оскар" сыйлығына "Шетел тіліндегі үздік фильм" аталымы бойынша Қазақстан атынан ресми түрде ұсынылған.