Бауырлас екі ел арасындағы іргелі құжатқа қол қойылды – Руслан Желдібай
Мемлекет басшысының Әзербайжанға сапары жайында ой қорытқан Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
Бүгін Мемлекет басшысының Әзербайжан Республикасына ресми сапары сәтті өтті деп толық сеніммен айтуға болады. Екі жақты келіссөздер нәтижесінде 10 құжатқа қол қойылды.
Ең алдымен, өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 3 есеге артқанын атап өткен жөн. Биыл да сауда-саттық саласында осы деңгейдегі өсім бар. Десе де бұл бағытта біраз жұмыс атқарылуы тиіс.
Қазақстан мен Әзербайжан Еуразияның негізгі транзиттік дәлізі саналады. Сондықтан көлік-транзит, логистика саласында біраз келісімге қол жеткізілді. Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыру үшін ортақ кешенді шаралар қабылданатын болды. Теңіз порттарымыз арасындағы кооперацияны тереңдету мәселесі де талқыланды.
Еліміз бауырлас мемлекетке ауыл шаруашылық өнімдері экспортын арттыра алады. Қазақстандық өндіруші компаниялар Әзербайжанға жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 100 түрлі тауар көлемін ұлғайтуға дайын.
Баспасөз хатшысы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығару үшін Мемлекет басшысының бауырлас елге жасаған сыйлығын баса айтты. Сонымен қатар екі елдің арасын бекем ететін құжатқа қол қойылғандығынан хабардар етті.
Әзербайжан тарапы Сумгаит қаласындағы көшелердің біріне ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының есімін берді.
Әзербайжан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Жарғысы мен қарарларына сәйкес, территориялық тұтастығын қалпына келтіргені мәлім. Осы бағытта қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығару үшін Президент Физули қаласында балаларға арналған Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығын салу туралы шешім қабылдады. Бұл – қазақ халқының атынан сыйлық.
Жоғарыда аталған келісімдердің негізінде Қазақстан мен Әзербайжан арасында Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға қол қойылды. Бұл – бауырлас екі ел арасындағы байланысты бекем ететін іргелі құжат.