Батыс Қазақстанда тасқын қаупі сейілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Трансшекаралық өзендердің жоғары ағысынан да мол су келмейді. Мамандар болжамы осындай, деп хабарлады 24.kz.
Қазір аймақтағы су қоймаларындағы тіршілік нәрінің көлемі дабыл деңгейінен әлдеқайда төмен. Шаған арнасының 76%-і, ал Көшім арнасының үштен бірі ғана толған. Айта кетейік, бірер апта бұрын аймақта Жәнібек, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында 140 үйді су шайып кеткен еді. Табиғи апат салдарынан 168 бас мал қырылды. Қазір қарғын су астында қалған ауылдарды қалыпты келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жайық-Көшім жүйесі бойынша су қоймалары бойынша жинақталуы 36% құрайды. Жайық өзенінен жүйеге су 30 куб секундымен кіріп жатыр. Барлық су қоймалары қанағаттанарлық жағдайда. Барлық нысандар бойынша басында адамдарымыз бар. Қараөзен және Сарыөзен бойынша жағдай қалыпты, – деді "Қазсушар" РМК БҚОФ директорының міндетін атқарушы Рауан Құсайынов.
Сондай-ақ облыстық ТЖД басқарма басшысы жалпы жағдай қалыпты және бақылауда екенін айтты.
Комиссия сол төтенше жағдайлар салдарынан орын алған зардапты анықтап, қираған-бұзылған ғимараттардың санын анықтап жатыр. Жалпы жағдай қалыпты. Жұмыстар жалғасып жатыр және бақылауда, – деді облыстық ТЖД басқарма басшысы Нұралы Мұсиев.