Батыс Қазақстанда қаладан ауылға қоныс аударғандар көбейген
Батыс Қазақстанда былтыр іске қосылған "Қаладан ауылға" жобасы қарқынды жұмыс істеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, жоба қысқа мерзім ішінде-ақ ауыл тұрғындары мен қоныс аударушылар тарапынан кең қолдауға ие болған.
Жоба аясында қала аймақтарынан мыңға жуық тұрғыны бар 195 отбасы ауылға қоныс аударды. Оның 600-ы бала. Қоныс аударған отбасылардың барлығы да баспанамен қамтамасыз етілді. Ауылдағы халық санын тұрақтандыру және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған бағдарламаның нақты нәтижелері көріне бастады. Қоныс аударған азаматтардың 216-сы тұрақты жұмысқа орналасып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда, - деп атап өтті өңір басшысы.
Сонымен қатар ол ауылға барып, өз кәсібін ашқан мамандық иелерінің бар екенін алға тартты.
Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, өзге де қажетті салалардың мамандары, сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашқан азаматтар да бар. Аталған шаралардың арқасында ауылдардағы кадр тапшылығы мәселесі шешімін тауып, жабылудың алдында тұрған бірнеше мектеп өз жұмысын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл – «Қаладан ауылға» жобасының ауыл әлеуетін арттырудағы маңызды қадамға айналғанының айқын дәлелі, - деді Нариман Төреғалиев.