Батыс Қазақстанда киік қырылып қалды

Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданы Мұратсай ауылындағы су қоймасында қалқып жүрген киік табылды. 30 бас киік айдыннан жағаға шығарылып, тиісті сынамалар алынғаннан кейін акт жасалып, арнайы қазылған шұңқырға көмілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған су қоймасына соңғы жылдары су мол түсті. Соның салдарынан көктемде солтүстікке төлдеуге бет алған киіктердің айдыннан жүзіп өтпек болғанда жағаға шыға алмай қырылу фактісі тіркеліп жүр. Былтыр 5 мың бөкен өлсе, биыл су бетінен 30 киік төшкесі табылды. Оның 25-і теке, 5-і ешкі. Оқиға орнына "Охотзоопром" ЖШС инспекторлары, "Бөкей Орда" мемлекеттік табиғи резерваты қызметкерлері және біздің мамандар барып тиісті алгоритмге сай әрекет жасады. Киіктерден сынама алып, ықтимал ауру түрлеріне тексерді. Акт жасап, киіктерді көмді, - дейді БҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рақымжанов.
Инспекция басшылығының ақпаратынша, жыл басынан бері өңірде 290 бас өлген киік табылған. Бөкендердің табиғи ортада 5-6 жыл ғана өмір сүретінін ескерсек, бұл қалыпты құбылыс.
Дегенмен оңтүстік аудандардың тұрғындары ресми деректерге, өлген киік санына да, олардың қартайып өліп жатқанына да күмәнмен қарайды. Өйткені киіктердің Еділ-Жайық арасын мекендейтін Орал популяциясы бұрындары ең көбейді дегеннің өзінде 400 мыңнан аспаса, қазір ресми дерек бойынша бөкен басы 2 миллион 300 мыңға жеткен. Биылғы санақ әлі өтпегенін, сәуірдің 15-20 ларына жоспарланып отырғанын ескерсек, нақты көрсеткіштің одан да жоғары екені сөзсіз.
Қазір далада кенеден өліп жатқан киікте сан жоқ. Жабайы жануарлар арасында айналшық, яғни ценуроз ауруына шалдыққандары да үйреншікті көрініске айналды,- дейді шаруалар.