Батыс Қазақстанда дала өрттері сөндірілді
Батыс Қазақстан облысында бір күнде бірнеше дала өрті сөндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Батыс Қазақстан облысында бір күнде бірнеше дала өрті сөндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 9 шілдеде сағат 15.17-де Бөрлі ауданы Ақсу ауылынан 6 шақырым жерде Суықбұлақ арнасы маңында құрғақ шөп өртенді.
46 гектар аумақты қамтыған тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндірушілермен бірге орман шаруашылығы мекемесі, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан барлығы 38 адам, 8 техника жұмылдырылды. Өрт 21.30-да оқшауланып, 22.41-де сөндірілді. Сондай-ақ бүгін сағат 13.26-да Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылдық округі «Аяқ» су қоймасы маңында 25 гектар құрғақ шөп отқа оранды. Бұл өрт те 36 адам, 6 техниканың қатысуымен сағат 20.22-де жойылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жер өртеніп жатқанын жазған болатынбыз.
БҚО ТЖ департаменті мәліметі бойынша Теректі ауданы Сарыөмір ауылынан 10 шақырым қашықтықта екі жерде (Егінсай – 45 га, Кірпі – 40 га) бүгін шыққан өрт сағат 16.20-да толықтай ауыздықталды.