Батыс Қазақстанда 24 медициналық нысан бой көтереді
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асырмақ. Жоба аясында облыстың ауыл-аймағында келесі жылы 24 медициналық нысанның құрылысы басталады. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков медицина саласы бойынша өңірде атқарылған жұмыстар мен толғандыратын мәселелер туралы баяндама оқыды.
Денсаулық сақтау саласы бойынша бізді толғандыратын мәселелерге тоқталсақ, Казталов ауданының Бостандық ауылындағы дәрігерлік амбулатория апатты жағдайда тұр. Сондай-ақ Бөрлі мен Казталов ауданаралық ауруханаларын жаңғырту қажет. Инсульт, кардиологиялық және медициналық оңалту орталықтары мен ауданаралық ауруханаларда травматология, хирургия, реанимация, қарқынды терапия бөлімшелерін ашу керек. «Жедел жәрдем» көліктері де жетіспейді, – деді Арман Талғатұлы.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 2025 жылға дейін 50 медициналық нысан салу жоспарланған. Келесі жылы соның 24-інің құрылысы басталады. Жиында облыстың денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелер де сөз болды.
Кейінгі жылдары медициналық жоғары оқу орындарында оқимын деген түлектерге жергілікті бюджеттен гранттар бөлінуде. Былтыр 280 дәрігер жетіспейтін болса, осы бағытта қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл өңірге қажет медициналық мамандардың саны едәуір қысқарды. Дәрігерлердің біліктілігін арттырып, медициналық жабдықтарды жаңартуға қосымша қаржы қарастырудамыз. Аудандағы дәрігерлер енді облыс орталығынан мамандарды шақыртпай, өздері ота жасауы қажет. Жас мамандардың баспанамен, жоғары жалақымен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың біліктілігін шыңдауға көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ өңірімізге «Жедел жәрдем» көліктері жетіспейді. Келесі кеңес отырысында медициналық жабдықталған көліктерді қайдан сатып алатындығымыз туралы нақты ұсыныстарыңызды күтемін, – деді жиынды қорытындылаған Ғали Нәжімеденұлы.