Батыс Қазақстан облысында жол-көлік апатынан екі полиция қызметкері қаза тапты
Ішкі істер министрі марқұмдардың жақындарына көңіл айтты.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы полиция бөлімінің екі қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан.
3 шілде күні полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полицияның аға сержанты Нұрғали Әдиетов өмірден өтті.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті мен ішкі істер органдарының жеке құрамы қаза болған полиция қызметкерлерінің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Сондай-ақ Ержан Сәденов те көңіл айтып, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қаза болған қызметкерлердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.