Батыс Қазақстан облысы. Жұмыс орындары, білім беру, денсаулық сақтау
Батыс Қазақстан облысы – еліміздің дамыған индустриалды және аграрлық өңірлерінің бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жыл соңында өңірде «Рожковское» ірі газ конденсаты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бұл - маңызды оқиға. Жалпы, биыл экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсуге қол жеткізілді. 2023 жылы облыс түрлі салаларда қандай нәтижелерге қол жеткізгені туралы толығырақ ОКҚ мен ел өңірлерінің бірлескен жобасы аясында дайындалған кезекті материалда.
Өсу мен тұрақтылыққа үміт арту
Батыс Қазақстан облысы еліміздің халқы көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етілген өңірлердің бірі болып табылады.
Өнеркәсіптік пайдалануға берілген «Рожковское» кен орны қосымша табиғи газ көзіне айналады. Жоба Мемлекет басшысының жаңа газ кен орындарын барлау және игеру жұмыстарына инвестиция тарту туралы тапсырмасын орындау аясында іске асырылып жатыр.
2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өңір басқа аспектілері бойынша да тұрақты дамып келеді.
2023 жылғы қаңтар-қараша айларында дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң үрдіс байқалады. Өнеркәсіптің көлемі 3160,6 млрд теңгені немесе 107,4%-ды құрады, бұл тау-кен өндіру өнеркәсібінің 7,7%-ға, өңдеу өнеркәсібінің 7%-ға артуы есебінен мүмкін болды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 251,8 млрд теңге. Өсу негізінен Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнында құбыр салу есебінен қамтамасыз етілді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 546,2 млрд теңгені немесе 122,2%.
2023 жылы жалпы құны шамамен 30 млрд теңге болатын 45 жоба пайжүзеге асырылып, 1000-нан астам жұмыс орны құрылды. Оның ішінде өнеркәсіпте жалпы құны 12,7 млрд теңгеден асатын 12 жоба іске асырылып, 335-тен астам жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында кабель орамдарына арналған шентемірлер шығару, силикат кірпіш өндірісін кеңейту, асфальт-бетон зауытын салу және т.б. бар.
Өңірде ШОБ та тұрақты дамып келеді. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21%-ға өсіп, 58 мың бірлікке жетті. Оларда жұмыспен қамтылғандар саны 11%-ға өсіп, 126 мың адам. Бұл ретте ШОБ жұмысының нәтижесі анық – 1 трлн теңгенің өнімі өндірілді.
2023 жылдың қорытындылары бойынша өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 60%-ға жетеді
Биылғы жылы өңірде АӨК-ті дамытуға 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Оның 16 млрд ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығындарын субсидиялауға бағытталды.
АӨК саласында 2023-2026 жылдарға 89 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Биыл шамамен 6 млрд теңге сомасына 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың 14 жобасы іске қосылды. Қалған 1 жоба жыл соңына дейін іске қосылатын болады.
Шағын шаруа қожалықтарын қолдау маңызды болғандықтан, өңірде жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясына ерекше назар аударылады.
Қазіргі уақытта облыста 270 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Оның 44-і «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында құрылған. Биылғы жылы бағдарламаға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінді. 898 өтінім бойынша қазірдің өзінде 5,9 млрд теңге несие берілді.
Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі жыл соңында 60%-ға жетеді, өткен жылы бұл көрсеткіш 56%-ды құраған болатын.
Өңірде қосымша суармалы жерлерді пайдалануға беру, жемшөп көлемін арттыру бағытында да мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, бұл үшін ауыл шаруашылығы жайылымдарын суаруға арналған ұзындығы 185 шақырымды құрайтын 3 магистральдық канал қайта жаңғыртылуда. Ұзындығы 66 км «Ащы-Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, ұзындығы 43 км «Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жүргізіліп, ұзындығы 76 км «Жайық-Шалқар» каналының жобалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл жобалар Жайық өзенінің сол жағалауындағы 350 мың га дейінгі жайылымдық жерді ауыл шаруашылығына пайдалануға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, көрші елден сатып алынатын Еділ суына тәуелділікті азайтуды көздейтін ұзындығы 178 км болатын «Киров-Шежін» суландыру жүйесін жаңғыртудың соңғы, төртінші кезеңі аяқталды.
Әлеуметтік сала: жұмыс орындары, білім беру, денсаулық сақтау
Биыл 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында белсенді жұмыспен қамту шараларымен 26 мың адам қамтылды. Сонымен бірге, 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Құрылған жұмыс орындарының жалпы санының 77%-ы ауылдық жерлерге келетіні үлгі боларлық жайт. Кәсіпкерлікті қолдау аясында, атап айтқанда, ұлттық аспап домбыра жасау, жүн өңдеу, мал азығын өндіру және т.б. жобалар енгізілді.
Білім беру саласын дамытуға келетін болсақ, салаға ең көп бюджеттік қаржы бөлініп отыр – 2023 жылы ол 169 млрд теңгеден артық болды. Бұл Батыс Қазақстан облысында осы салаға баса назар аударылатынын көрсетеді.
2023 жылы облыста 27 мектеп салынып жатыр. Бүгінгі таңда 8 мектептің құрылысы аяқталды, оның ішінде екеуі Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры есебінен салынды. Жыл соңына дейін тағы 8 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 18 жаңа білім беру мекемесін салу көзделген. Бұл облыстағы үш ауысымды және апатты мектептер мәселесінің шешімі болмақ.
Сондай-ақ денсаулық сақтау мәселелері жергілікті биліктің ерекше назарында.
2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 12 объекті салынып жатыр. Бүгінгі таңда 6 объектінің құрылысы аяқталды.
Өңірге жас дәрігерлерді тарту мәселелері шешімін табуда. Жергілікті бюджеттен резидентураға 18 грант және талапкерлерге 60 грант бөлінді. Қазіргі уақытта облысқа келген 122 маман жұмысқа орналасып, 92 маман көтерме жәрдемақысын алды.
Жол және логистика. Құрылыс және ТҮКШ
Жол саласы мен көлік логистикасы да назардан тыс қалмайды. 2023 жылы облыста 81,5 млрд теңге сомасына 617 км автокөлік жолы жөнделуде. Қазіргі кезде 513 км жол жөнделді. Нәтижесінде 36 ауылда сапалы жол-көлік қатынасы жасалды.
Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүзеге асырылуда, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелерді шешуге көңіл бөлінеді.
Ағымдағы жылы облыста 22 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 180 пәтер сатып алынды.
2023 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 4 км сумен қамту және су бөлу, кәріз желілері жөнделді. Сондай-ақ 849 млн теңге сомасына ұзындығы 10,3 км болатын жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілді.
2023 жылғы жетістіктердің нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы алға қойылған міндеттерді орындай отырып, ілгері жылжып, барлық саланы дамытуға мүмкіндік алды.