«Батыс» өңірлік қолбасшылығы: әскерилер арасында самбодан чемпионат өтті

№ 4 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде өткен жарысқа Ақтөбе, Ақтау, Бейнеу, Орал және Атырау гарнизондарынан 70-ке жуық әскери қызметші қатысты.

Жеті салмақ дәрежесінде өткен чемпионатты ашқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Бағылан Өсербаев спорттың бұл түрін, оның ішінде әскери-қолданбалы спорт түрін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Самбо төзімділік пен ерік-жігерді дамытып, жауынгерлік дағдыларды жетілдіруге көмектеседі. Бұл сайыс та сіздерге спорттық шеберліктеріңізді көрсетуге мүмкіндік берді. Техникалық және тактикалық тәсілдерді кеңейтуде де алға жылжу бар, – деді полковник Б. Өсербаев.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте алтын медальді Ақтөбе гарнизоны 30238 әскери бөлімінің командасы жеңіп алды. Күміс медальді Орал гарнизоны аумақтық қорғаныс бригадасының балуандары иеленді. Атырау гарнизоны барлау полкінің әскери қызметшілері қоланы місе тұтты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Чемпионат әскери қызметшілердің дене шынықтыру және моральдық дайындығын нығайтудағы маңызды қадам болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы