Батыс Еуропадан келушілерден түскен табыс 60 млн АҚШ долларынан асты
2024 жылдың 9 айы бойынша Қазақстанға Германиядан, Франциядан және Нидерландыдан келушілерден түскен табыс 60 миллион АҚШ долларынан асты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан халықаралық туристік аренадағы өз позицияларын нығайтуды жалғастыруда. Отандық туристік бизнес өкілдері ITB Berlin-2025 халықаралық туристік көрмесінде елімізді таныстыруда.
Еліміздің ұлттық стенді бірегей табиғи ландшафттардан бастап, тарихи-мәдени мұра мен қонақжайлылық дәстүрлеріне дейінгі туристік мүмкіндіктердің кең ауқымын ұсынады.
Қазақстанның ірі туристік операторлары, қонақ үй желілері және аймақтық туристік кеңселері шетелдік аудиторияға туристік өнімдер мен маршруттарды таныстыруда.
Ұлттық стендке келушілер тек табиғи көрнекті орындарға ғана емес, мәдени және гастрономиялық туризмге де қызығушылық танытуда: қонақтар Ұлы Жібек жолының бай тарихы, қазақ дәстүрлері мен ұлттық тағамдарымызды қызықтады. Біз ITB Berlin сияқты маңызды көрмелерге қатысу біздің халықаралық байланыстарымызды кеңейтуге және Еуропа мен басқа да әлем елдерінен келетін туристердің санын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз, - деп атап өтті "Kazakh Tourism" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Көрменің бизнес бағдарламасы аясында қазақстандық делегация шетелдік компаниялармен екіжақты келіссөздер жүргізуде.
Сондай-ақ, халықаралық туризмді дамыту және Еуропадан туристер тартуға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қою жоспарлануда.
ITB Berlin көрмесі жыл сайын 180-нен астам елден қатысушылар мен 160 мыңнан астам келушіні тоғыстырады.
Қазақстан бұл жаһандық алаңды жаңа халықаралық дәліздерді құру, еуропалық туристік операторлармен ынтымақтастықты кеңейту және туристік нарықтағы позицияны нығайту үшін пайдаланады.
Атап өткен жөн, ITB Berlin – әлемдік туристік индустриядағы ең маңызды оқиғалардың бірі.
Көрме жыл сайын мыңдаған экспоненттер мен ондаған мың сала мамандарын тартады.