Батыс елдерінің 2-3 ғасырда жеткен білім жүйесін біз 20 жылда қуып жеттік – профессор
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұхамед Кшибеков ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін жаңғырту» кітабының тұсаукесерінде айтты.
Оның айтуынша, біздің тарихымыз, білімге ұмтылған жолымыз, жетістіктеріміз ғажап. Көшпенді қазақ халқы бір ғасыр бұрын жаппай сауаттандырылып, қазір өркениетті елдермен иық тіресетін жағдайға жеткен.
Қазір ағылшын, француз, неміс және басқа да халықтардың жетістігін көп айтамыз. Олар халқын екі-үш ғасырда сауаттандырды, ал біз небәрі 20 жылда қуып жеттік. 1920 жылдан бастап халықты сауаттандыру жұмысы басталып, біз тамаша нәтижеге қол жеткіздік. Бір ескеретіні, өзге халықтар бір тілде ғана сөйлейді, немістер неміс тілінде, ағылшындар да өз тілінде білім алды. Ал, жиырма жылда біздің әліппеміз үш түрлі өзгеріске ұшырады. 1929 жылға дейін араб қарпі, 1929-1940 жылға дейін латын қарпі, одан кейін орыс графикасы енді. Біз осының үшеуін де оқыдық. 1940 жылдары сауатты елге айналдық,-дейді профессор Кшибеков.
Сонымен қатар ол өркениетті дамыған елдерде хат танымайтын сауатсыздар әлі де кездесетінін жеткізді.
Мен 1975 жылы Совет делегациясының мүшесі ретінде Америкаға бардым. Сонда ол жақта әлі күнге дейін хат танымайтын, жаза алмайтын адамдар бар екен. Олар өндірістерде жұмыс істейді, бірақ хат танымайды. Ол жердегі үнді, қара нәсілді адамдарды айтпағанда, сауатсыздар көп болды. Бізде ондай жоқ, сауатсыздықты жеңіп шықтық, - дейді ол.
Досмұхамед Кшибеков еліміздің оқу жүйесін қалыптастырып, қазақ балаларын оқытуда Ыбырай Алтынсариннің еңбегі зор екенін еске алды.
Оқу жүйесі қалай басталды дегенде Ыбырай Алтынсаринді айтпай кете алмаймыз. Ол кезде патша үкіметі Орынборда қазақ-орыс мектептерін ашып, патша үкіметінің саясатын жүргізу үшін тілмаштар дайындағысы келді. Оған көңілі толмаған Ыбырай өздігінен ақша жинап Ақмолада, Ырғызда мектеп салдырып, балаларды оқытты. Кітабын, оқу жүйесін өзі жасады, оған ешкім жәрдем берген жоқ. Бұл ғажап. Ол жалғыз өзі қазіргі ғалымдардың, басшылардың жасап отырған жұмысын бір өзі атқарды,-дейді профессор.