Батыс Қазақстанның құтқарушылары екі жасөспірімді аман алып қалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 112 телефон нөміріне Орал қаласының тұрғыны қоңырау шалған. Желаев аумағында демалып жүрген әйел адам 2 жасөспірімнің көмекке шақырып жатқанын көрген.
2005 және 2006 жылы туған жасөспірімдер карьер ортасымен аралға өтіп, кері жағаға қайтып келе алмаған.
БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының №3 құтқару бөлімшесі жедел шақыртуға шықты. Құтқару жұмыстарына жеке құрамның 3 құтқарушысы және 1 бірлік автотехника мен жүзу құралы жұмылдырылды.
"Құтқарушылар құтқару қайығымен жасөспірімдерді достары күтіп тұрған жағаға аман-есен жеткізді. Жасөспірімдер су жағалауында үлкендердің қарауынсыз болған, құтқарушылар олармен тәрбиелік түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су айдындарындағы негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Кейін балалар үйлеріне жіберілді", - делінген Батыс Қазақстан облысы ТЖД Ішкі және сыртқы коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратта.
Төтенше жағдайлар департаменті қала және облыс халқына судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтауға шақырады.