Өскеменде өткен «Батырларға тағзым» шеруіне 25 мың адам қатысты

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысының орталық шаһарында өткен мерекелік шеруге 25 мың қала тұрғыны батыр бабаларының суреттерін алып шықты. 

«Сұрапыл соғысты да, ашаршылықты да көрдік. Біздің басымыздан өткен қиыншылықты кейінгі ұрпақ көрмесін деп тілеймін. Аспанымыз ашық, күніміз тыныш болсын. Өзім Ленинградты жау қолынан азат етуге қатысқан адаммын. Бүгінгі шеру мен үшін жастығымды, құрбы-құрдастарымды еске алатын күн», - деді немересімен бірге шеруге шыққан ардагер Жүніспек Исов. 


Өзен вокзалы ауданынан сап түзеген шеру Славский жағалауымен «Даңқ» мемориалына бет алды. Қаладағы кадет корпустарының, мектептердің оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттерінен, сондай-ақ кәсіпорындардың, мекемелер мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінен, және де қарапайым қала тұрғындарынан құрылған шеру «Мәңгі алауға» жетіп гүл шоқтарын қойды. 


«Бұл күн аға ұрпақтың ерлігі дәріптелетін күн. Жүздеген ұлттың ұйыса жеткен жеңісінің нәтижесін кейінгі ұрпақ біз көріп отырмыз. Екінші Дүниежүзілік соғыс қай қазақстандықтың болмасын отбасын айналып өткен емес. Біріміздің атамыз, біріміздің әкеміз, енді біріміздің ағамыз қан майданда жан беріспей соғысты. Қазақстаннан 1,5 миллионнан астам әскерге шақырылып, олардың жартысы майдан даласында қаза тапты. 490 қазақстандық асқан ерлігімен көзге түсті. Олардың ішінде Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды апаларымыз бен екі дүркін Кеңес Одағы Батыры атағын алған Талғат Бигельдиновтар болды. Соғысқа аттанған 180 мың шығысқазақстандықтың 83 мыңы қаза болып, 109 шығысқазақстандық Кеңес Одағы батыры атағына ие болды», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов. 

Олардың ішінде Ізғұтты Айтықов, Төлеген Тоқтаров сынды батырлардың болғанын айтқан өңір басшысы, өткен жылы ғана әйгілі партизан, Ұлан ауданының тумасы Қасым Қайсеновтың 100 жылдық мерейтойының аталып өтілгенін тілге тиек етті. 


«Барлық шығысқазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 74-жылдығымен құттықтаймын. Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылған емес. Біздің көргенімізді кейінгі ұрпақтың басына бермесін. Бүгінгі күн – бейбіт күн. Осындай бейбіт саясатты ұстанып, ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып отырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты одан әрі жалғаса берсін деп тілеймін», - деп қосты Отан соғысы орденінің иегері, ардагер Михаил Кравченко. 


Салтанатты шерудің соңы мерекелік концертке ұласты. «Даңқ» мемориалы жанында құрылған сахнада қаланың көркемөнерпаздар ұжымы концерттік бағдарламаларын көрсетіп, Екінші Дүниежүзілік соғыста қолданылған әскери техникалар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ мерекелік шара қонақтарына «сарбаз ботқасы» таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі мереке мұнымен аяқталып қалмайтын көрінеді. Кешкілік аталмыш мемориал маңында концерттік бағдарлама жалғасын тауып, соңы мерекелік отшашуға ұласпақ.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы