Батырлардың есімін әр өңірдегі шекара бөлімшелеріне беру ұсынылды

Депутат батырлардың есімін әр өңірдегі шекара бөлімшелеріне беруді ұсынды. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің батыр бабаларымыз аумағы жөнінен әлемде 9-орынды алатын, о шеті мен бұ шетіне құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса қанаты талатын, ұлан-ғайыр жерді ғасырлар бойы қазақтың әрбір сүйем жері үшін, қара санынан ет кесіп бергендей болып, жанқиярлықпен қорғап мұраға қалдырды. Бүгінгі Ұлы даламыздың шебін қорғаушы жауынгер, шекарашылар - сол бабаларымыздың лайықты ізбасарлары. Оларға сан тараптан сұқтанған жатқа Атамекеннің қарыс қадамын да ұстатпай, ұрпағына толық мирас еткен батыр бабаларымыздың атын берсек, орынды болар еді, - деп айтты депутат өз сауалында. 

Бақытбек Смағұл шекара атауларын былай өзгертуді ұсынды: 

- ҰҚК ШҚ Абай облысы Үржар ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Ақшоқы» шекара бөлімшесіне «Ер Жәнібек батыр» атындағы; 

- «Бұлақты» шекара бөлімшесіне «Қабанбай батыр» атындағы; 

- Алматы облысы Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Рабат» шекара бөлімшесіне «Қалыбек батыр Мамадайырұлы» атындағы; 

- «Қаскелең» шекара бөлімшесіне «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» атындағы; 

-«Жамбыл» шекара бөлімшесіне «Борис Төкенұлы Керімбаев» атындағы;

- «Қайырған» шекара бөлімшесіне «Райымбек батыр» атындағы; 

- Атырау облысына қарасты «Сазды» шекара бөлімшесіне «Хиуаз Доспанова» атындағы; 

- Батыс Қазақстан облысына қарасты «Қосөзен» шекара бөлімшесіне «Мәншүк Мәметова» атындағы; 

- Жетісу облысы Панфилов ауданы бойынша «Қарақұм» шекара бөлімшесіне «Тұрғанбек Стамбеков» атындағы; 

- Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне қарасты «Қасқат» шекара бөлімшесіне «Кенесары хан Қасымұлы» атындағы; 

- «Ақыш» шекара бөлімшесіне «Ағыбай батыр» атындағы; 

-Қостанай облысы бойынша департаментіне қарасты «Тобыл» шекара бөлімшесіне «Бөгенбай батыр» атындағы; 

- «Кеңарал» шекара бөлімшесіне «Шоқан Уәлиханов» атындағы; 

- Ақтөбе облысы бойынша департаментіне қарасты «Жайсан» шекара бөлімшесіне «Есет батыр» атындағы; 

- «Жиренқопа» шекара бөлімшесіне «Қобыланды батыр» атындағы; 

- Қызылорда облысы бойынша департаментіне қарасты «Төрешқұдық» шекара бөлімшесіне «Келменбет батыр» (Келмембет Келдібайұлы) атындағы; 

- Түркістан облысы бойынша департаментіне қарасты «Тұрбат» шекара бөлімшесіне «Қойгелді батыр» (Қойгелді Сартұлы) есімін беруді сұрады. 

Қазақстанның ежелгі және кейінгі тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау Әділетті Қазақстанда әділдікті қалпына келтіруге, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамға айналары әрі халықтың билікке деген сенімін жоғарылатуға септесері анық, - деп түсіндірді Смағұл.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы