Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына арналған республикалық әншілер конкурсы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордада әнші-композитор Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына арналған «Отан – Ана» атты республикалық әншілер конкурсы басталды.

«Сыр елі – жыр елі» атанған өнерлі өлкемізде Қазақстанды ғана емес, шет елді де мойындатқан тума таланттар аз болмаған. Батырхан Камалұлы – отандық және ресейлік эстрадада қатар танылған біртуар өнер иесі, әнші, музыкант. Бүгінгі «Отан-Ана» республикалық әншілер конкурсы көктемде туған жеріне сағынышпен келген жыл құсындай барша өнерсүйер қауымды әдемі әсерге бөлеп отыр. Талантқа көрсетілер құрмет оның мерейтойы аясында ғана атқарылып қоймайды. Алдағы уақытта Б.Шөкенов шығармаларын орындаушылар конкурсы, джаз айтушылар және саксофоншылар сайысы секілді түрлі мәдени іс-шаралармен толығатын болады. Сыр бойының талантты ұлы, өнер тарланы Батырхан Шүкеновтің есімі халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Жарқ етіп өткен жұлдыздың ән-ғұмыры елі барда ешқашан үзілмек емес! - деді облыс басшысы Н.Нәлібаев.

Салтанатты жиында аймақ басшысы Батырхан Шүкеновтей талантты тұлғаны өмірге әкелген анасы Дилара Ибрагимқызына Сыр халқы атынан құрмет білдіріп, иығына зерлі қамзол жапты.

Жиылған әнсүйер қауым өнер көгінде биікке самғаған Батырханның анасына құрмет-қошеметін көрсетті.

«Отан – ана» атты республикалық әншілер конкурсына әр өңірден келген 20 жас өнерпаз қатысуда. Олар Батырхан Шүкеновтің репертуарынан ән орындап, өзара сайысқа түсетін болады.

Қазылар алқасының құрамында композитор, музыкант, аранжировшик, халықаралық конкурстардың лауреаты, қазылар алқасының төрағасы Ринат Гайсин, әнші-композитор, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының үздігі Қайрат Баекенов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадина Сәдуақасова, әнші Динара Каирова және композитор, мәдениет саласының үздігі Сәбит Ұлықпанұлы бар.

Айта кету керек, республикалық конкурс екі күнге жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы