Бату хан жайлы деректі фильм түсірілді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Деректі фильмге көшпенділер мен Алтын Орда тарихын зерттеп жүрген отандық және шетелдік тарихшылар қатысқан.

Фильмнің сценарий авторы әрі режиссері Рашид Нұғманов аталған туындыны осы жылдың тамыз-желтоқсан аралығында түсіргендерін және 26 тарихшымен сыр сұхбат құрғандарын айтып берді.

Фильм тарихшылардың Бату хан жайлы айтқан пікірлерінен тұрады. Мен онда тергеуші рөлін атқарамын. Біз Бату хан жайлы сөз еткенде Жошы ханды ұмыт қалдыра алмаймыз. Өйткені Бату оның ізін жалғастырушы, оның жасай алмай кеткен жорықтарын жүргізуші. Сұхбат барысында 26 тарихшы бірін-бірі толықтырып, сол кездегі саяси құрылым мен Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы тартысты кезеңді баяндайды. Олардың тоғызы өзіміздің тарихшылар, қалғаны Ресей, Украина, Моңғолия, АҚШ және Еуропаның жетекші тарихшылары,-дейді режиссер.

Сонымен қатар ол әр тарихшының белгілі бір деректерге қатысты ойы бір жерден шықпағанын, әркімнің өз жеке көзқарасы барын жеткізді.

Мәселен, Жошы адам қолынан қаза тапса, оны кім өлтіруі мүмкін деген мәселе төңірегінде көптеген пікірлер мен нұсқалар айтылды. Көрермен соған қарап өз ойын қалыптастыра алады. Фильм 90 минуттан тұрады, сондықтан сол кездегі тарихтың бәрін сыйдыру мүмкін болмады. Негізінен Жошының өлімі неден болды және ол артына не қалдырды деген тақырыпты қамтуға тырыстық,-дейді Р. Нұғманов.

Сонымен қатар ол жиырма жасында билікке келген Бату ханға әкесінің Еуразия аймағында билік құру жоспарын еңсеру оңайға соқпағанын жеткізді.

Әкесі өлген соң жиырма жастағы Бату билікке келді. Ал, Қарақорымда Жошыны ұнатпайтын Үгедей мен басқада туыстары Жошы ұлысының нығайуын қаламады. Батудың алдында әкесі жасай алмай кеткен идеяны жалғастыру тұрды. Бұл дегеніңіз Киевті алу, Еуропаға жорық жүргізу, Еуразия аймағында империя құру еді. Осындай маңызды істерде Бату қандай шешімдер қабылдады және оның тұлғасы қалай қалыптасты деген сұрақтардың барлығы фильмде жан-жақты айтылады,-деді ол.

Тарихшы Радик Темірғалиев фильмде негізінен Жошы ханның өліміне қатысты мағлұматтармен бөліскенін айтады.

Жошының өліміне қатысты нұсқалар өте көп, бірі оны жаулары өлтірді десе, бірі хан сырқаттан көз жұмды дейді. Тағы бірде аңға шыққан ханды ақсақ құлан өлтірді деген нұсқа айтылады. Дегенмен, мен оның өліміне кіші інісі Шағатай себепкер болды деп ойлаймын,-дейді тарихшы.

Режиссер фильмді түсіруге пандемия кері әсер еткенін, соның салдарынан Еуропа, Қытай және тағы басқа мекендерде түсірілім жасау мүмкін болмағанын айтады. Тек, Ресей, Украина, Моңғолия және Қазақстандағы тарихи орындарды түсірген.

Р. Нұғман сөз арасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген фильм келесі жылдың ақпан айында көпшілік назарына ұсынылатынын жеткізді.

Деректі фильмнің таныстырылымын Нұр-Сұлтан, Алматы және Жезқазған қалаларынан бастаймыз. Кейін Ресейдің бірнеше қаласында, Киевте, Моңғолияда және Еуропада өткіземіз,-деді ол.

Айта кетсек, Бату хан 13 ғасырда Еуразия аймағында маңызды рөл атқарған ұлы тұлға. Әкесінің идеясын іске асыру жолында ол Ертістен Дунайға дейінгі аумақты бағындырып, Алтын Орда империясын құра білген. Оған қазіргі Қазақстан, Ресей, Украина, Орталық Азия мен Кавказ елдері кірген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы