Батпақ, жарылыс және мегажоба: Үндістанда ерекше әуежай салынып жатыр
Үндістанда батпақтың үстіне Азиядағы ең ірі әуежайлардың бірі салынады.
Үндістан әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан авиация нарықтарының біріне ие. Бұл көрсеткіш бойынша ел тек Қытай мен АҚШ-тан кейін тұр. Соңғы он жылда елдегі әуежайлар саны екі есеге артты.
Naked Science жазғандай, Үндістанның қаржы астанасы саналатын Мумбайда ұзақ уақыт бойы тек бір ірі әуежай болған. Үнді авиациясының қарқынды өсуін ескерсек, шешім қарапайым көрінді: Мумбай үшін екінші ірі әуежай салу. Алайда бұл идеяны жүзеге асыру ойлағаннан әлдеқайда қиынға соқты.
Жаңа әуежайға орын іздеуге он жыл және жерді сатып алуға тағы үш жыл кеткеннен кейін билік Мумбайдың тарихи орталығынан 40 шақырым жердегі Нави-Мумбайға тоқтады.
Соңғы жылдардағы көптеген заманауи мегажобалар сияқты жаңа әуежай жағалау аумағында, негізінен қолдан жасалған жер телімдерінде орналастырылды. Бұл аймақ ауқымды дайындық жұмыстарын талап етті.
Болашақ әуежай аумағының дәл ортасында биіктігі 92 метр болатын Улве жартасы тұрған. Кеңістікті босатып, әуе дәліздерін тазарту үшін төбе толықтай тегістелді.
Құрылыс бригадалары бақыланатын жарылыстар әдісі арқылы 62 миллион текше метр жынысты бұзып, айналадағы ауылдарға келетін әсерді барынша азайтуға тырысты.
Әуежай аумағының жүздеген гектары лайлы қайраңдар мен мангр ормандары басқан батпақта орналасқан. Бұл жерлерді тегістеп, нығайту қажет болды. Сол үшін жер деңгейі шамамен алты метрге көтеріліп, жарылыс жұмыстарынан алынған тас пайдаланылды.
Құрылыс басталғанға дейін Улве өзені әуежай аумағының дәл ортасымен ағып жатқан. Инженерлер өзеннің арнасын толықтай өзгертуге мәжбүр болды. Өзен әуежай шекарасына қарай бұрылып, аумақты айналып өтетін жаңа арна тік бұрышпен жүргізілді. Сонымен қатар өзен тек көшіріліп қана қоймай, кеңейтілді де.
Әуежай маңында орналасқан ауыл тұрғындары су тасқынынан қатты қауіптенген. Себебі батпақ пен сулы жерлер әдетте жұмсақ топырақ пен өсімдіктердің арқасында суды сіңіреді. Ал бұл аумақтардың едәуір бөлігі енді суды өткізбейтін таспен жабылған.
Жобалаушылардың болжамынша, кеңейтілген өзен арнасы тасқын кезінде артық суды ұстап тұра алады.
Қазірдің өзінде әуежай жылына 20 миллион жолаушы мен жарты миллион тонна жүк қабылдай алады. Алайда 2030 жылдары бесінші кезең аяқталған кезде оны тану мүмкін болмайды. Онда екінші параллель ұшу-қону жолағы, тағы үш терминал және қосымша жүк қуаттары пайда болады.