Батик техникасымен сурет салатын Қазақстандағы жалғыз кәсіби суретші кім?


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық музейде еліміздің мәдениет қайраткері, Қазақстан және Ресей Суретшілер одағының мүшесі Камила Жапалованың «Өмір өрнек» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. 



Камила Жапалова – батик техникасымен кәсіби айналысып жүрген қазақстандық жалғыз суретші.Ол – Қазақстан және Ресей өнер академиясының мүшесі, UNESCO, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, ең бастысы қазақ өнерінің жанашыры.  Бүгінде шығармашылықтан бөлек, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Бейнелеу және дизайн» факультетінің доценті болып қызмет атқарады.


Көрменің мақсаты – әлемдік өнер кеңістігінде жаңа бағытта жұмыс істейтін, өзінің дара қайталанбас дүниетанымы, жаңашылдығы бар дарынды, бірегей, жасампаз өнер иесінің шығармашылығын өркендету арқылы жалпы суретшілердің мәртебесін көтеру, рухани және мәдени құндылықтарды насихаттау.

Нұр-Сұлтан қаласының Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаиловтың айтуынша, Батик техникасын қолданатын суретшілер Қазақстанда жоқтың қасы. Мұндай стильде салатын суретшілер бар болу керек, олардың есімдері белгілі емес, мүмкін, өнерді жақсы көретін, өздігімен сурет салатын жандар қызығушылықпен қосымша салатын шығар. Бірақ кәсіпқой суретшілердің арасында Кәмила Жапалова жалғыз өзі осындай өнер түрімен айналысады. Мұндай жоғары деңгейде батик техникасымен сурет салатын, шеберлікпен шыңдалып, көрме жасайтын басқа кәсіби суретші елімізде жоқ. Бұл қазіргі таңда жойылып бара жатқан өнердің түрі деп айтсақ та болады. Плакаттық өнермен де айналысатын суретшілер аз, - деді Өмірәлі Исмаилов.


Камила Жапалованың туындыларынан ыстық батиктің «кракле» сияқты дәстүрлі тәсілдерін қолданатыны, түстерді мінсіз әрі дәл таңдай білетіні байқалады. Ерекше өнерінің, табандылық пен қажырлы еңбегінің, ізденісінің  арқасында бүгінде көптеген марапаттар мен атақтардың иесі. Сонымен бірге суретшінің қоржынында ұлттық киім үлгілері де бар.


Көрме барысында Кәмила Жапалова негізін қалаған «BATIKKAMI» брендінен авторлық сән үлгілері таныстырылды.

Көрмені Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймын. Ашылуына ықпал еткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР Ұлттық музейі директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына және барлық музей ұжымына алғыс білдіремін. «Өмір өрнек» деп аталуы себебі, бұл менің өнерім – өмірім. Бәріміздің өміріміз өрнек секілді өріліп, өрлей берсін,- деп суретші келген қонақтарға жүркежарды тілегін білдірді.

Көрменің ашылу салтанатында Камила Жапалова Халықаралық заманауи өнер академиясының дипломымен, куәлігімен және төсбелгісімен марапатталды.



Өмірәлі Исмаилов суретшінің әйел болғаннан кейін әдемі ашық түстерді қолданғанын айтып отыр. 
Оның өзінде кейбір суреттерін кескіндеме өнеріне жатқызуға болады . Арасында қолданбалы өнерге жақындары да бар. Бұл өнер түрімен айналысатын  елімізде басқа да кәсіби суретшілердің жоқтығы өкінішті жағдай. Өнерді әлі де көпшілікке дамыту керек. Мұндай кескіндемелік әдіспен жібек матаға жазу деген жапон халқынан келген техника. Қазір заманауи кескіндемелік түрмен жазылған матадан киімдерді киіп алсақ, қандай керемет болушы еді,- дейді ол. 

 Батик өнері – XIV-XV ғасырларда Жапония, Индонезия, Қытайда пайда болған. Бірте-бірте Еуропаға, содан кейін Ресейге, ТМД елдеріне жеткен. Камила Жапалова батик техникасына Санкт-Петербург қаласынан үйреніп келгенін жеткізді.
Оны келе-келе қазақы нақышқа айналдырып, көрмемен Қытайға барғанның өзінде менің жұмыстарымды қандай техника, кімнің өнері деп сұрап, өздерінің өнерін танымай қалған кездері де болды. Батик техникасында тәжірибе жинап, осы өнер арқылы еліміздің атынан шығып жүргеніме 20 жылдан астам уақыт болып қалды. Бұл өнер маған өте қатты ұнайды. Шабыт әркімнің көңіл-күйіне байланысты. Сурет салғанда әсемдікті, бар сұлулықты сезіну керек. Жақсылыққа талпынып, терең оймен жеткізсе, суретшінің жұмыстары осылай әдемі болып шығады, - деді ол.
Көрмеге автордың кескіндеме және батик үлгісіндегі 100-ден астам туындысы ұсынылды. Картиналардың өзіндік сипаты мен ерекше стилі бар. Олардың сюжеттері әртүрлі, көбіне фольклорлық нақышта және лирикалық абстракцияда құрылған, бірақ барлығын біріктіретін элементтер – ұлттық реңк пен композицияның ішкі ырғағы. Батикпен қатар суретшінің шығармасында кескіндемелік туындылар да бар. Автор кенеп бетінде де батик дәстүрін қолданады.


 Сондай-ақ көрмені тамашалауға келген қауым суретшінің картиналарына, оның алуан түрі мен түстерді ұтымды қолдану шеберлігіне тәнті болды. 
Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ақмарал.

Жасым 28-де. Мен Камила Жапанованың шығармашылығымен жалпы таныспын. Көрменің болатынын әлеуметтік желіден білдім. Әсерім өте мықты. Көрме залына кіріп келгенде күн әдемі сәуле шашып тұрғандай әсерде қалады екенсің. Тек қана жібек матаға салып қана қоймай, майлы бояумен салынған кенептегі картиналары өте тамаша. Әрбір картинаның мағынасы бар. Былайша айтқанда, тарихымызға тікелей байланысты,- деді Ақмарал.

Ол жаңа «Тайқазан» картинасы - тарихи деректерге сүйене отырып жасалған, суретшінің өзіндік техникасы бар деп отыр.

Жібек матасына салынған басқа суреттерді көрдім, маған өзіме Камила Әбенқызының суреттері қатты ұнайды. Оның жібек матаға салынған шарфтары да бар. Көліктерге де салады. Өзімнің сүйікті суретшім болғаннан кейін бүгін келіп отырмын, - деді суретшінің жанкүйері.

 Көрмеге келге адамдардың жасы мен талғамының әртүрлілігіне қарамастан, Камила Жапалованың картиналары көңілдерінен шыққан.
Кәмила қызымыздың «Өмір өрнек» деген еңбегін көріп, біраз қызықтады. Өз басым маған өте ұнады. Қазақтың барлық әдет-ғұрпы, тіршілігі, құстың ұшқанына дейін жақсы салған. Суреттердің бәрі тартымды, бірінен кейін бірін көргің келеді. Бояуы көз тартады, көңілін көтереді. Біраз ойландырады да. Камила Жапаловаға алдағы уақытта тек биіктерді бағындыруына тілектеспіз, - деді Жамал Османова есімді көрермен.

Суретшінің шығармашылық жолының басталған кезінен бірге келе жатқан жанның бірі – Қалима Мұсабаева. Ол суретшімен қалай танысқанын есіне алып, естеліктерімен бөлісті.
Біз – отбасымызбен сәулетшіміз. Атырау қаласында қазақстандық суретшілердің картиналары мен ұлттық қолөнер бұйымдарын насихаттауға атсалыстым. Камила Жапаловамен 2000 жылдары таныстық. Біз отбасымызбен араласып тұрамыз. Атыраудағы алғашқы көрмесі Ш.Сариев атындағы көркемсурет музейінде өткен еді. Сол кезде Камилаға: «Тау басында қар жатыр, Жүре берсең жетерсің, Барып тұрып шықпасаң, Арманда сен де кетерсің» дедім. Мен Камиланың жетістіктерге жететініне сенімді едім. Содан бері жылдар өтті. Оның шығармашылығының қалай өскені, бәрі-бәрі көз алдымда,- деді Қалима Мұсабаева.

Ол суретшінің шығармашылық жолында әртүрлі бұрылыстар болатынын, өнердің әр түрінде өзін байқап көретінін айтты.

Камила майлы бояумен кенепке сурет салды. Менің білетінім, Камила кішкентай кезінен жан-жақты. Ауылда киіз басып, сырмақ сырған, кілем тоқып, кесте тіккен апа-әжелерінің қасында жүріп, бәрін игеріп алған. Қандай жағдай болса да, өзінің мінезімен, өнеріне деген құштарлығымен алға ұмтылды. Қазақтың күнделікті тұрмыстық бұйымдары да өнер. Соның барлығын тарихымызбен бірге танытып келеді. Камила Жапанова Санкт-Петербургке оқуға кетіп, орыстың матрешка сияқты ойыншықтарын бояп сатып жүрген. Бір кезде Нева даңғылымен келе жатып ойладым дейді, «Мен қазақпын, мен қазақтың өнерін танытуым керек. Мәдениетін әлемге көрсетуім керек деп жүрегіме оындай түйін қадалғанын айтты. Содан бері сол жолмен келе жатыр. Одан тайған жоқ,- дейді Қалима Мұсабаева.

 
Автор - Раушан АРМАНҚЫЗЫ



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы