Батарея жарылған: Скляр Екібастұздағы ерлі-зайыптының өліміне қатысты пікір білдірді
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұзда су басқан үйден табылған ерлі-зайыптының өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгінде полиция істің мән-жайын анықтап жатыр.
Бұл қайғылы жағдайға қатысты Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғады. Тергеу аяқталып, қорытынды шығарылғанда тиісті ақпарат беріледі. Бұқаралық ақпарат құралдарында таралған ақпараттарға сүйенсек, оқиға бір қабатты үйде болған. Онда ешқандай КСК болмаған. Ыстық су құбыры жарылған жерде ашық электр сымдары болған. Қазір полиция қаза болғандардың кімдерді шақырғанын, жарылған құбырды кімдердің жөндемегенін, соңы неге қайғылы жағдайға ұласқанын анықтап жатыр, - деді Үкімет басшысының орынбасары Сенатта өткен Парламент тыңдалымынан соң журналистерге берген сұхбатында.
БАҚ өкілдері Премьер-министрдің орынбасарынан бұл жағдайда бақылауға алатын-алмайтындығын сұрады.
Жоқ, бұл маған қойылатын сұрақ емес, - деп қысқа қайырды Роман Скляр.
Еске сала кетейік, 13 ақпанда Екібастұз қаласында су басқан үйден ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған болатын. Хабарлама алысымен оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері 1959 жылы туған ер адам мен 1965 жылы туған әйелдің мәйітін тапқан.