Басына қышқыл құйып, чемоданға салған: Айгүл Сайлыбаеваның өлімінен жаңа деректер шықты
Адвокат экс-судьяны өлтіруге күйеуі мен енесінің қалай қатысқанын айтты.
Германияда өлтірілген қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның туыстары журналистерге қылмыстың зәре-құтты ұшыратын егжей-тегжейін айтып берді. Марқұмның кеңірдегін осып, саусақтарын кескен, сондай-ақ басын денесінен бөліп алуға тырысып, үстіне қышқыл құйған.
Марқұмның анасы Шолпан Батқалова «Осторожно: Собчак» YouTube-арнасына берген сұхбатында қыздары Айгүл Сайлыбаеваның денесін бөлшектеуге әрекеттенген болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Айгүлдің басына қышқыл құйылған, салдарынан шашы мен көздері күйіп кеткен.
Марқұмның бетін тану мүмкін болмады – барлық жұмсақ тіндері тілгіленген.
Оны қойша бауыздаған. Мүрдесін бөлшектегісі келген шығар. Басын кесіп алмақ болған сияқты, кеңірдегін осып тастаған. Бұған қараудың өзі мүмкін емес. Басына қышқыл немесе химиялық зат құйған, өйткені басында шашы, бетінде көзі қалмаған, – деді Батқалова.
Анасының айтуынша, әйелдің мойнына инъекция жасалған. Қорғаушы тарап бұл формалин болуы мүмкін деп болжайды.
Саусақ фалангалары тілінген, сарапшылардың айтуынша, ол өзін белсенді түрде қорғап, пышақ жүзінен ұстаған болуы мүмкін. Барлық саусақтары, саусақ буындары тілінген. Денесінің әртүрлі бөлігіне, бетіне, бас жағына 30-дан астам пышақ жарақаты салынған. Тіпті басын, буындарын тілгілеген, – деп хабарлады Шолпан Батқалова.
Айгүл Сайлыбаеваның денесінен жалпы саны 30-дан астам пышақ жарақаты табылған. Әйелді тек мұрнындағы меңі арқылы ғана тани алған.
Адвокат Жанна Оразбахованың айтуынша, олар Айгүл Сайлыбаеваны күйеуімен бірге тұрған пәтерінде өлтіргеніне сенімді.
Қорғаушы тараптың пайымдауынша, қылмысты оның енесі Наталья Донцова мен ұлы Александр (Айгүлдің күйеуі) жасаған, кейін олар қылмыс іздерін мұқият жасыруға тырысқан.
Оразбахова үйдің іші тап-тұйнақтай етіп жуылғанын, алайда криминалистер арнайы шамның көмегімен жуып жіберілген қан іздерін тапқанын түсіндірді.
Сараптама мәліметтеріне сүйене отырып, біз пәтерді тазалап, жуып, қанды кетірген деген қорытындыға келдік, бірақ қан бөлшектері шам астында бәрібір жарқырап көрінді. Төменгі қабаттағы қоймадан (подвал) да қан іздері табылды. Жанжал үлкен ықтималдықпен пәтер ішінде болған. Кейіннен денені жасырған. Қандай да бір шуды естіген көршілердің де түсініктемелері бар. Мүрдені құлатып алған болуы мүмкін, – деді Оразбахова.
Адвокат Айгүл Сайлыбаеваның аяғы ауыр, жүктіліктің жетінші айындағы ересек әйел болғанын, сондықтан күдікті Наталья Донцованың оның денесін қоймаға жалғыз өзі тасып түсіруге физикалық тұрғыдан қауқары жетпейтінін баса айтты. Осы негізде ол қылмысқа Айгүлдің күйеуі Александр Донцованың тікелей қатысы бар деп мәлімдеді.
Ол Донцов пен анасы Айгүлдің басынан ұрып, бір уақытта пышақпен тілгілеген деп есептейді.
«Неліктен біз оны кісі өліміне тікелей қатысты деп санаймыз? Өйткені сот-медициналық сараптамасы, мәйітті сою қорытындысы көрсеткендей, өмірлік маңызы бар мүшелерге пышақ жарақаттары салынумен қатар, оның басына доғал қатты, ауыр затпен соққы жасалған. Бір уақытта адамның кеуде тұсына, ішіне пышақ ұрып, дәл сол сәтте артынан желке тұсынан қатты затпен соққы беру мүмкін емес», – деп түсіндірді адвокат.
Марқұмның ағасы Жанат Сайлыбаев қарындасының денесінің қалай табылғанын айтып берді. Белгілі болғандай, мүрде белсенді іздеу жұмыстарының алғашқы күні-ақ өзеннен, чемоданның ішінен табылған.
Іс материалдарына сәйкес, чемоданды мүрде табылардан бір күн бұрын түнде суға лақтырған. Айгүлдің денесін соған салған.
Ол суды бойына сіңіріп, сәл ісінген. Денесі ірілеу болып көрінді. Кейін түнде бізге келіп, бұл дене әйел адамға тиесілі екенін растады. Содан кейін бұл менің қарындасым екеніне көзім жетті, өйткені айрықша белгісі – мұрнындағы меңі болды. Келесі күні олар менен ДНҚ сараптамасын алды, шамамен екі күннен кейін ғана ДНҚ сәйкестігін растады, – деді Жанат Сайлыбаев.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың маусымында Германияда Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені белгілі болды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 5 маусымда Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығына Қазақстан азаматтары хабарласып, екі күн бұрын қыздарының жоғалып кеткенін мәлімдеген.
Кейінірек жоғалған әйелдің денесі Бенсхайм қаласына жақын жерден табылғаны туралы ақпарат пайда болды. Немистің Bild басылымы мәйіттің пластик қапта болғанын және әйелдің өлім алдында зорлық-зомбылыққа ұшырағанын жазды.
Германияның құқық қорғау органдары кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Германия Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, Дармштадт қалалық сотының шешімімен Сайлыбаеваның енесі – Наталья Донцова күдікті деп танылды. Германияда және Еуропаның басқа елдерінің аумағында оны тұтқындауға ордер берілді.
Анықталғандай, оның қаза болған кезде екінші сәбиіне жүкті болған. Кейіннен Айгүл Сайлыбаеваны өлтіруге қатысты қылмыстық іс Ресейге берілетіні белгілі болды.
БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Наталья Донцова Мәскеуде тұрады. Оның ұлы Александр да сонда, ол «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінде (ҰЗУ ЖЭМ) жұмыс істейді.
Айгүл Сайлыбаеваның отбасы қылмыскерлердің сотталуын талап етіп отыр.