Басты назар тек пайда табуға аударылды – Смайылов
Сенбі, 19 тамызда Шахтинск қаласында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Қазақстан» шахтасындағы жағдай бойынша кеңес өтті, хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оқиғаның хронологиясын жариялады, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған апаттың себептерін анықтау жөніндегі арнайы комиссияның жұмысына тоқталды.
Оның айтуынша, шахтада жоғалған екі кенші іздестірілуде және Д-6 көмір конвейерінің жанындағы өртті сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмысқа тау-кен құтқарушыларының 4 бөлімшесі жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, талдау жұмыстары көрсеткендей, 2016 жылдан бері «АМТ» АҚ көмір шахталарында апаттар қатары азаймаған. Мәселен, 2016-2022 жылдары 18 апат орын алып, соның салдарынан 19 шахта жұмысшысы қаза тапқан, тағы 45 жұмысшы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттар алды. Тек 2021-2022 жылдары «АМТ» АҚ кәсіпорындарында 4 апат тіркеліп, 21 адам зардап шекті, 12 адам қаза тапты.
Апаттардың негізгі себептерінің қатарына технологиялық процестерді өз деңгейінде ұйымдастырмау, қауіпсіздік талаптарын біле тұра ескермеу, өндірістік бақылаудың тиімсіздігі, сонымен қатар негізгі және қосалқы жабдықтардың тозуы жатады.
Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша «АМТ» АҚ көмір кәсіпорындарында 6 рет тексеру жұмыстары жүргізілді. Онда 957 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталды. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 55 қауіпті өндірістік нысан мен қауіпті техникалық құрылғылардың жұмысын тоқтату туралы 7 талап арыз жолданды. Қазір сот шешімімен 25 нысанның жұмысы тоқтатылған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен өндірісті жаңғыртуға инвестициялар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы шаралар бойынша бірқатар стратегиялық құжаттарға қол қойылғанын хабарлады. Алайда кәсіпорын өз міндеттемелерін орындамай отыр.
Осылайша, жыл сайынғы пайда тек ағымдағы қызметті қолдауға бағытталады. Мәселен, кокс пештерінің бірқатар батареялары мен химиялық өңдеу цехы апатты жағдайда. Екі жаңа пештің құрылысына келісімшарттар жасалмай, пеш қоры бұзылуда. Нәтижесінде бұл өндірістің қысқаруына әкеледі.
Премьер-министр болған қайғылы оқиға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заң бұзушылықтармен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Бұл – ең алдымен, кәсіпорын иесінің кінәсі. Олардың өздерін компанияның тыныс-тіршілігінен толықтай шеттетуі бірнеше жылдар бойы қайғылы салдарға әкеп соғуда. Көріп отырғанымыздай, жұмысшылар үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде басты назар тек пайда табуға аударылған. Сондықтан да апаттар жиі қайталануда. Ең қайғылысы, адамдардың өліміне алып келуде, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша қабылданып жатқан шаралар және елеулі инвестициялардың бағытталатыны жөнінде әрдайым мәлімдеп келеді. Алайда, орын алып жатқан апаттар мен қайғылы оқиғалар керісінше жағдайды көрсетіп отыр.
«АрселорМиттал Теміртау» нысандарында соңғы 15 жылда 100-ден астам адам қаза тапты. Бұл сан жыл сайын өсіп келеді. «АрселорМиттал» халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші қаза қазақстандық дивизионға тиесілі болып отыр, — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Теміртаудағы барлық зиянды шығарындылардың 88%-ы осы кәсіпорынға тиесілі. Нәтижесінде қала тұрғындарында онкологиялық аурулардың, тыныс алу жолдары ауруларының және басқа да сырқаттардың өсуі байқалады.
Атап өткеніміздей, кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері жартысына дейін төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін – екі есеге қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды, — деп атап өтті Премьер-министр.
Ол сондай-ақ лонжеронды және электротехникалық болатты, басқа да жоғары маржиналды номенклатураларды шығару бойынша құзыреттерінен айырылғанын айтты. Нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны 72 мыңнан қазіргі 30 мың адамға дейін қысқарды.
Әлихан Смайылов инвестициялар бойынша міндеттемелер де мәз емес екенін атап өтті – олар декларацияланып, бірақ орындалмай келеді. 2018 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі және «АрселорМиттал Теміртау» арасында Кәсіпорынды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасына қол қойылды.
Инвестициялар 305 млрд теңге көлемінде мәлімделген еді. Алайда бұл міндеттемелер орындалмады, — деді Үкімет басшысы.
2021 жылы $3 млрд-тан астам сомаға Жаңғыртуға инвестициялар құю туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Алайда компания тек $1 млрд-тық жоба ұсынды.
Іс жүзінде бұл қаражат ағымдағы жөндеуге бағытталып, жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді инвестиция емес еді, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр апатты тез арада жою жөнінде жедел шаралар қабылдау, оның себептерін жан-жақты зерттеу және осы қайғылы оқиғаға кінәлілерді анықтау қажеттігін атап өтті.
Қарағанды облысының әкімдігі “АрселорМиттал Теміртаумен” бірлесіп, қаза тапқандар мен зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп, оның ішінде асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындап, жерлеу шараларына қаражат беру, жұмыс беруші есебінен қаза тапқандардың отбасына үй алып беру және моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз етуі керек, — деп түйіндеді Үкімет басшысы.