Басты мақсат – субсидия бөлудің ашық жүйесіне қол жеткізу
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Президент тапсырмасы бойынша елімізде агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау ісіне ауқымды талдау жүргізілмек. ауқымды талдау жүргізуді бастады. Субсидия бөлу қаншалықты айқын әрі ашық бөлінуде? Мемлекет қаржысы қалай игерілуде? Субсидия мен жеңілдіктер қарапайым шаруалар үшін қолжетімді ме? Бұл сұрақтарға «Ақмола адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Самира Тайтенова жауап берді.
- Агроөнеркәсіп кешені саласындағы субсидиялаудың мемлекеттік бағдарламасын талдау қалай жүзеге асырылады?
- Ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы шараларға тоқталып өтсеңіз...
- Негізі, бүгінгі таңға дейін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша құралдар жеткілікті. Өздеріңізге белгілі, Президент мемлекеттік қызметке, бағдарламаларға байланысты бірталай өзгерістерді қолдап, енгізді. Заңңамалық жаңашылдықтар да бар, бірінші басшылардың жауапкершілігін ерекше атап өтуге болады. Яғни мемлекеттік қаржыландыруға байланысты азаматтар толықтай заңңамалық негізінде жауапкершілікке тартылады. Сондықтан осы саладағы әрбір бюджеттік теңгеге жауапты маман қаржыландырудың соңғы тұтынушыға дейін жетуіне, мақсатты пайдалану үшін жауапты. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу бойынша құралдары туралы айтатын болсақ, ол әрине профилактикалық іс-шаралардан бөлек, ашықтықты қамтамасыз ету үшін қоғам белсенділерін тарту және талдауларды жүргізу.
Әр мемлекеттік мекеме сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі талдауды жүргізу міндетті. Мысалы, өңірде ауыл шаруашылығы басқармасы бар. Басқарманың әрбір бөлімі, өзіннің құқықтық нормативтік актілерді, заңнамалық құжаттарды зерттеп, оның ішіндегі кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілер немесе мемлекеттік қызметкер тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын тармақтар бойынша Агенттікке өзіннің анықтамасы мен ұсыныстарын жіберуі мүмкін. Бірақ өкінішке орай, бүгінгі күні мемлекеттік органдар осы мүмкіндікті толық көлемде пайдаланбайды. Әр талдау нәтижелері жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментке жіберіледі, оны қызметкерлер қарайды. Екінші құрал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау. Екеуінің айырмашылығы, бірінші талдауды осы саланың мамандары жүргізсе, екіншісінде мамандар және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департамент қызметкерлері мен сарапшылар тартылады.
Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей, өкінішке орай. Осы күнге дейін жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері өз тиімділігін көрсетуде. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы цифрлық элементтер осы сыртқы талдау аясында қарастырылып, кейін енгізілген.
- «Адалдық алаңы» кеңсесіне агробизнес өкілдерінен ұсыныстар қаншалықты жиі түседі?
– 2018 жылдың маусым айынан бастап іске қосылған «Бизнес және инвестицияларды қорғау» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуді іске асыру бизнес өкілдері мен инвесторлардың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қосылуы шеңберінде жүргізіледі. Кәсіпкерлер үшін жалғыз шарт – бизнесті парасатты жүргізу. Келісімнің мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында инвестордың инвестициялық жобасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуді бірлескен күш-жігермен қамтамасыз ету, оның ішінде жобаны іске асыру кезінде барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою болып табылады.
Жоба қолайлы инвестициялық ахуал құруға, бизнестің билік институттарына сенімін артуына, шетелде елдің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етуге арналған.
Жоба аясында бүгінгі күні облыста 70 келісім шарт жасалынған, жалпы соммасы – 695,4 млрд теңге. Яғни 70 кәсіпкер, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де бар. Жоба аясында келіп түскен шағымдар жоқ.
Дегенмен, ауыл шаруашылығы маңызды салалардың бірі болғандықтан, біз осы саладағы ұйымдармен, Кәсіпкерлер палатасымен түрлі ашық алаңдарда кәсіпкерлерді мазалап отырған мәселелерді қарастыруға тырысамыз. Себебі бүгінгі күні, «Адалдық алаңы» тек жергілікті әкімдіктердің жанынан ғана емес, Орталық министірліктердің жанынан да құрылған. Сондықтан мүмкіндікті пайдалана отырып, маңызды сұрақтарды көтеріп, зерттеуге ықпал етеміз.
- Құрылған штаб аясында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен нақты қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Бүгінгі таңда, Агенттік тарапы қоғам белсенділерін кешенді талдауға қатысуға шақырады. Осы ретте аумақтық қоғамдық штабқа қоғам белсенділерін, осы саланың сарапшыларын тартудамыз. Талдаудың бірнеше кезеңдері бар, ең алғашқы кезең штаб құрылғаннан кейін, ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтар арасында сауалнама жүргізу. Сауалнама аясында осы саланың мәселелері анықталып, толықтай зерттелетін болады. Басты мақсат – елге пайдалы, тиімді ұсыныстарды республикалық деңгейге енгізу.
- Кәсіпкерлер тарапынан қандай өтініш-ұсыныстар жиі түседі?
– Қоғамдық штаб мүшелері ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлермен, осы саланың сарапшыларымен тікелей байланыс арқылы сұхбаттасып, тек проблемаларды ғана емес, ұсыныстарды да талқылайды. Штаб жақын арада құрылды, бірақ осы күнге дейін кәсіпкерлердің тарапынан көтеріліп жүрген басты мәселе – субсидияландыру ережелерінің бірнеше рет өзгеруі. Яғни жылдың басында бір талап, ортасында өзгерістер енгізіліп, басқа талаптар қабылданады. Осы саладағы бизнес өкілі ғана осы бағдарламаға қатыса алады. Ал кәсіпкерлікке жаңа келген, шағын және орта бизнес өкілдеріне қиынға соғуы мүмкін. Мысал ретінде, түсінікті болу үшін, мал шаруашылығы туралы айтатын болсақ, жыл басында ережелерге сәйкес, шартты түрде кәсіпкерде 70 бас қой болу керек болса, 3-4 айдан кейін талаптары өзгеріп, екі есе болу керек деп, ережелерге кішігірім өзгерістер еңгізілсе, кәсіпкер қиын жағдайға тап болады. Кез келген шағын немесе орта кәсіпкер өз шаруашылығын екі есе ұлғайта алмайды. Сондықтан халық арасында қалыптасқан пікірлердің бірі, ол «субсидияландыру ірі кәсіпкерлерге немесе монополистерге арналған» деген теріс пікір қалыптасқан. Осыдан жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға сенбеушілік пайда болады.
- Шет ел тәжірибесі бойынша мысалдар келтірсеңіз...
– Өте орынды сұрақ. Жалпы кез келген талдауды бастамас бұрын шет ел тәжірибесін зерттеймііз. Ауыл шаруашылығы саласында халықаралық деңгейде алдыңғы қатарда тұрған елдер: АҚШ, Нидерланды, Франция, Аустралия, Канада, Германияны айтуға болады. Ал оң баға беретіндей тиімді мысалдарды айтатын болсам, АҚШ-тағы сақтандыру төлемдерін атап кетуге болады. Фермерлерге ауа райының қолайсыздығына байланысты қатты құрғақшылық, су тасқыны және нарықтағы күтпеген жағдай қауіп төндірсе, сақтандыру төлемдерін пайдалануға мүмкіндік бар. Демек мұны кәсіпкер банкротқа ұшырамас үшін көмек ретінде қарастыруға болады.
Тағы бір оң мысал, әлемдегі ауылшаруашылық экспорты бойынша бесінші орында тұрған – Канада әрбір фермерге жылдам интернетті жеткізу үшін бағдарлама ойластырған. Мысалы, Қазақстанда субсидияландыруға арналған бағдарлама бар, адами факторды болдырмау үшін, осы бағдарламаның ашықтығын қамтамасыз ету үшін, жаңа технологиялар, цифрландыру элементтері енгізілуде. Бірақ осы жасалынған жағдайларды пайдалану үшін жоғары жылдамдықтағы интернет керек. Өкінішке орай көбінесе ауылдық аймақта жұмыс істеп жүрген фермерлер мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін қалаға немесе аудан орталығына баруға тура келеді. Себебі тиісті жағдай толық жасалынбаған. Одан бөлек, заманауи ауыл шаруашылық техниканы іске қосу үшін де интернеттің жылдамдығы жақсы болуы керек. Осы мақсатпен, Канада елінде бес жылдың ішінде шалғай өңірлерде интернет желісіне жылдам қол жеткізуге қолжетімділікті кеңейтуге 500 млн доллар көлемінде қаржыландыру қарастырылған.
- Елімізде жемқорлықпен күрес қандай нәтиже берді деп ойлайсыз?
- Әлемде, өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлықты толықтай жойған мемлекет жоқ. Тарихи шыңға жеттік деп осымен жұмыс аяқталмайды. Мақсатымыз айқын – қоғам арасында сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, халық үшін қолайлы жағдай жасау.
Әсем Ұланқызы
Фото: дереккөз