«Бастау Бизнес»: Қызылорда облысында 2500 адамды оқыту жоспарланып отыр

 

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Халық арасында кеңінен қолдауға ие болған «Бастау Бизнес» жобасына биыл – 5 жыл. Жоба басталған уақыттан бастап 4 жыл ішінде Қызылорда облысында 8927 азамат оқытылды. Олардың 3495-і жоба аясында қаржыландырылып, өз бизнестерін бастады.

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Балдырған Мәменнің мәлімдеуінше, биыл жыл басынан бері аталған жоба аясында бірінші лекке 693 адам оқуға қабылданды. Олардың арасында 380 азамат оқуды аяқтағандығы жөнінде және 6 адам жобаға қатысқандығы жөнінде сертификатқа ие болды.

Қазіргі таңда 252 адамның бизнес-жоспары қаралып жатыр. Сондай-ақ жобаның оқуына қатыспаған немесе қорытынды тестіден тиісті балл жинамаған 55 адам оқудан шығарылды. Жалпы Қызылорда облысы бойынша биыл жоба аясында 2500 адамды оқыту жоспарланып отыр, – дейді ол. 

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша былтыр кәсіп бастаған Арал ауданының тұрғыны Сәуле Елемесова мемлекеттің мұндай қолдауы бар екенін таныстарынан естіген.

Осыдан 3 жыл бұрын айналамдағы таныстарымның жаңа жоба бойынша кәсіп бастап жатқандарын естідім. Мемлекеттің қолдауына ие болып жатқандарын көріп, қызығушылық таныттым. Өзім тігін тігуді және ескі жиһаздарды қаптауды жақсы көремін. Хоббиім десем де болады. Осы қызығушылығымды кәсіпке айналдыруды жөн санадым, - дейді ол. 

Кәсіпкер тігіншілікті анасынан үйреніп, аудандағы тігін цехында, уақыт өте келе жиһаз жасайтын кәсіпорында жұмыс істеген. Ол жиһаздың жасалуы мен оны жөндеу, жаңалауды үйренеді.

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпті бастау, оны жүргізуге қатысты ақпарат алып, білімімді жетілдірдім. Бизнес-жоспарды қорғап шыққан соң, «Еңбек» бағдарламасы негізінде 530 мың теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткіздім, - дейді Сәуле Елемесова. 

Былтыр пандемия кезінде кәсібін бастаған Сәуле Елемесова карантин талаптарын сақтай отырып жұмыс істеді және көрші облыстан құрал-жабдықтар мен тігін машинасын алдырды.

Жаңа кәсіпті бастауда қорқыныш болды. Себебі кәсіпті қолға алу кезеңі пандемиямен сай келіп, аймақта карантин талаптары күшейді. Әйтсе де, каратин талаптары жеңілдетілген уақытта кәсіпке қажетті құралдарды алдыртып, өз ісімді бастадым. Ең алғашқы тапсырысым жиһазға қаптама тігу болды, - дейді кәсіпкер. 

Сәуле Елемесова сынған жиһаздарды да жөндеуден өткізіп, өз ісін тиянақты атқарады. Алғашқыда оның мұндай шаруаға ебі бар екеніне және оны орындай алатынына күмән келтіргендер аз болмады. Дегенмен бұған дейін тігін және жиһаз цехтарында жұмыс жасағанын ескерер болсақ, оның бұл істен тәжірибесі мол екенін аңғаруға болады. Сондықтан кәсіпкер әр тапсырысты алар уақытта өзіне деген сенімі мол.


 

Жиһазды қаптамас бұрын оның ішкі құрылысына мән беріп, сынған жерлері болса жөндеймін. Ескі заттардың көбі сынық болады. Қолға балға мен араны алып, жөндеп, қалыпқа келтіріп, жаңа қаптамасын кигізіп беремін. Жиһазды қаптау жұмысы кезінде де күш керек. Осыдан болар көпшілік мінің жұмысыма алғашқыда сенім білдіре бермейді. Алайда жұмыстың нәтижесін көрген соң, тапсырыс берушілер өз алғыстарын білдіреді, - дейді Сәуле Елемесова. 

Кәсіп бастағанына бір жыл толған кәсіпкердің қазіргі таңда жұмысына сұраныс жоғары. Ол алдағы уақытта киім тігуді қолға алып, ол үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алуды көздеп отыр.


 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы