Бүгіннен бастап шетелден әкелінетін тауарлардың бажсыз нормасы 200 еуроны құрайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 қаңтардан бастап халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін, сондай-ақ тасымалдаушы жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелудің нормалары 200 еуроны және 31 килограмды құрайды.
Белгіленген нормадан асқан жағдайда, салмақтың 1 келісі үшін кемінде 2 еуро ставкасы бойынша кедендік төлемдерді төлеу керек болады.
Бұл туралы Қаржы министрілігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін, сондай-ақ тасымалдаушы жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелудің нормалары 200 еуроны және 31 килограмды құрайтын болатындығын еске саламыз, - делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждарды, салықтарды төлемей әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың нормалары бір жеке тұлғаның атына күнтізбелік 1 ай ішінде 500 еуро және салмағы 31 кг құрады.
Бұған қоса комитет қызметкерлері белгіленген нормалар асқан жағдайда, құндық және/немесе салмақ нормаларынан асқан бөлігінде құнынан 15 пайыздық, салмақтың 1 килограмы үшін кемінде 2 еуро ставкасы бойынша кедендік төлемдерді төлеу керектігін ескерді.
Бұл дегеніміз бағасы 300 еуро болатын интернет-дүкендерден тапсырыс берілген жіберілім, жолаушыларға арналған кедендік декларациясын тапсыру жолымен, сондай-ақ құндық нормасынан асатын бөлігінде кедендік төлемдер құнының 15%-дық мөлшері бойынша кедендік декларациялауға жатқызылады (яғни 100 еуродан 15%-дық) немесе жіберілімінің құны 200 еуродан аспаса, бірақ оның салмағы 35 кг болса, онда 4 кг кедендік баждармен салынады деген сөз.