Әлеуметтік бастамасы бар жастарға 1 млн теңге грант беріледі
Алматы, BAQ.KZ. Қазақстанда әлеуметтік бастамалары бар жастардың қайтарымсыз қаржы алуына биыл да мүмкіндік туып отыр. «Жастар корпусын дамыту» жобасына құжаттарды қабылдау 15 наурыздан 15 сәуірге дейін жалғасады. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.
Байқауға мектеп оқушыларынан өзге, 14 пен 29 жас аралығындағы барлық қыз-жігіттер қатыса алады. Оларға қойылатын талап – жүзеге асырғысы келетін идеялары әлеуметтік болу керек.
Сонымен қатар, байқаудан сәтті өткен қатысушы топқа ісін жүргізу үшін 1 млн теңге беріледі. Оның үстіне, әр адам 6 ай бойы 40 мың мен 60 мың теңге арасында шәкіртақы алып отырады. Сондай-ақ, жобаны 4-5 адам бірігіп ұсынуына болады. Шарт бойынша олардың алғашқы 6 айда өндірген өнімі немесе көрсеткен қызметтері тегін болуы тиіс.
«Мысалы, жастар тігін шеберханасын ашса, 6 ай бойы жасаған жұмыстарының барлығын жергілікті қоғамға тегін таратады. Бірақ бәріне бірдей емес, осал топқа жататын адамдарға тегін көмек көрсетуі тиіс. Қарттар үйіне, балалар үйіне, көпбалалы отбасыға немесе жалғызбасты аналарға ма, ол жағын өздері белгілеп, соларға өнімдерін тегін таратады», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің жобаларды басқару тобының жетекшісі Гүлмира Ескендірова.
Жоба жетекшілерінің сөзінше, 6 айдан кейін сатып алған техникалары өздеріне қалады. Сөйтіп, бастаған ісін коммерциялық тұрғыда жалғастыра беруге мүмкіндік жасалмақ.
«Жастар корпусын дамыту» жобасы – Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктың бірлескен бастамасы. 2017 жылдан бері аталған жоба аясында 5,5 мың іскер жас өз ісін бастаған. Ал осы жылы 3 мыңнан көп адамды жобаға тарту көзделіп отыр.